Еңсебаевтар әулеті қандай еңбек жолынан өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күні. Жыл сайын елімізде еңбекқор қазақстандықтарды анықтайтын «Еңбек жолы» байқауы өтеді. Өткен жылы «Үздік еңбек әулеті» номинациясында елордалық Еңсебаевтар әулеті бірінші орын алған еді. Әулеттің еңбек өтілі 600 жылды құрайды. Бұл әулеттің барлық мүшесі теміржол саласында жұмыс істейді. Мереке күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі әкесі Көкенай Еңсебаевтың еңбек жолын жалғастырған Роза Дүйсенбековамен әңгімелескен болатын.

Көкенай Еңсебаев 1927 жылы туған. Ол еңбек жолын 1942 жылы Аягөз станциясының теміржол вагондары учаскесінің қосалқы цехында қара жұмысшы болып бастаған. Алматы қаласында арнайы курсты оқып алғаннан кейін дөңгелек цехында шебер болып жұмыс істейді. 1972 жылы ол ВЧД-11 мекеме басшысының орынбасары болып тағайындалады. 1972-1992 жылдар аралығында ол ВЧД-8 депосы жергілікті комитетінің төрағасы болып қызмет етіп, 1992 жылы зейнеткерлікке шыққан. Оның жалпы жұмыс өтілі – 50 жыл.

Көкенай ақсақалдың қызы Розаның айтуынша, әкесі еткен еңбегі үшін түрлі медаль, мақтау қағазымен марапатталған. Соның қатарында «Теміржол көлігі социалистік жарысының үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Оған қазақ теміржолындағы мамандық бойынша құрметті теміржолшы атағы берілген.


Қазір марқұм Көкенай ақсақалдың жолын оның ұл-қыздары, күйеу балалары мен немерелері жалғастырып келе жатыр. Әулеттің 20 мүшесі осы салада жұмыс істейді. Роза Көкенайқызы – Көкенай Еңсебаевтың үлкені. Ол мектеп бітіре салысымен аталған вагон депосында краншы болып жұмыс істеген.

«Мен теміржол техникумына оқуға түсіп, майлаушы, бригадир, одан кейін вагон құрастыру цехында шебер болып жұмыс істедім. Зейнеткерлікке шыққанға дейін автобақылау пунктінде шебер болдым. Еңбек жолымда алғыс хаттармен, мақтау қағаздары және төсбелгілермен марапатталдым, - дейді ол.

Роза Көкенайқызы әкесі мейірімді, қайырымды, көмек сұраған адамға қол ұшын созуға дайын тұратын адам болғанын айтады.

«Әкеміздің ерінбей еңбек еткенін көріп өстік. Бізге оның қандай жұмыс істейтіні қызық болатын, бұл қызығушылықтың әсерінен осы мамандыққа бой ұрдық. Әкеміз бастаған жолды осылайша жалғастырып кеттік. Әкем бәрімен ортақ тіл табыса білетін жан еді. Оның өмірден озғанына 25 жыл өтіп кетсе де, замандастары әлі де еске алады. Таңның атысымен жұмысқа кетіп, жоспар орындалғанына көз жеткізіп барып, күн батқан кезде үйге қайтатын», - дейді ол.

«2016 жылы Шығыс Қазақстан облысында өткен байқауға қатысып, 2-орын алдық. 2017 жылы Өскеменде өткен байқауда 1-орын еншіледік. Осылайша республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысуға мүмкіндік алдық. 2019 жылы сол байқауға қатысып, 1-орынды иелендік. Байқау барысында әулетіміздің еңбек жолы әкемізден бастап балалары, немерелеріне дейін қалай жалғасқаны туралы видеоролик көрсеттік. Біз әкеміздің жолын жалғастыра түскіміз келеді. Әулетіміздің аты осы теміржол саласымен байланысты бола бергенін, әкеміздің аты елдің жадында қала бергенін қалаймыз», - дейді Роза Көкенайқызы.


Соңғы жаңалықтар