Энергетика министрі майнинг фермаларды ұлттық электр жүйесінен бөліп тастауды ұсынды
2022 жылғы 20 мамыр 14:08

Энергетика министрі майнинг фермаларды ұлттық электр жүйесінен бөліп тастауды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі майнинг фермаларды ұлттық электр жүйесінен бөліп тастауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл әзірге ой-пікір деңгейінде ғана қаралып жатыр. Нақты шара болуы үшін заңды түрде бекіту керек. Заңның өзінен бастап, заңнан туындайтын ережелерге түзетулер енгізілуі керек. Себебі майнингтің құны өсетін болса, электр қуатының тапшылығы туындауы мүмкін. Оны болдырмау үшін алдын ала шара енгізуіміз қажет. Біздің ойымыз, біріншіден, майнинг нарығы сырттан келетін импорттық электр қуатын тұтынушы деп танылуы керек», - деген министр Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарымен кездесуінен кейін БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде.

Айтуынша, болашақта майнинг кәсіпорындары ұлттық электр жүйесінен тысқары стансалар құрып, сол арқылы электр тұтына алуы мүмкін.

«Сондай-ақ, баламалы энергияның құны да біраз қымбат. Оны да майнинг саласының кәсіпорындары тұтынады деп енгізуге болады. Майнингпен айналысатын кәсіпкерлер өз атынан, өз ақшасымен станса құратын болса және бұл станса ұлттық электр жүйесіне кірмей, өздері тұтынушы ретінде алатын болса, оған ешқандай тыйым жоқ. Оны да жасауға болады. Осындай жолмен, бағыттармен шешуге болады деп ойлаймыз», - деді Болат Ақшолақов.

Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин майнинг салығын көбейтуді көздейтін заң жобасы келесі айда дайын болатынын айтқан еді.


Jańalyqtar

MURAǴAT