Енді мобильді аударымдар заңмен реттелмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін қабылданған заң Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Соған сәйкес, енді ең төменгі жалақыны салықтық есептік көрсеткіш ретінде қолдану жүргізілмейді. Сонымен қатар, құжатта экспорттаушыларды валюталық табысты ішкі валюта нарығына сату үшін ынталандыруға бағытталған ережелер көзделген. Жалпы, қабылданған Заң қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салықтар мен төлемдер төлеуді жеңілдетеді», – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде сенатор Ғұмар Дүйсембаев құжатта көзделген негізгі шараларға назар аударды.

«Біріншіден, ең төменгі жалақыны айлық есептік көрсеткішке ауыстыру жолымен оны есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды алып тастау ұсынылады. Бұл жеке табыс салығы бойынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны айқындауға қатысты болады. Екіншіден, шикізат экспортынан түскен валюталық түсімнің кемінде 50% - ын шетел валютасын теңгеге айырбастауды жүзеге асырған бизнес субъектілері тауарларды экспорттаған кезде 80 пайызға дейінгі мөлшерде қосылған құн салықты жеңілдетілген тәртіппен қайтару ұсынылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді», - деді Ғ. Дүйсембаев.

Оның айтуынша, Салық кодексінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында тауарлар мен қызметтер көрсететін шетелдік интернет-компаниялардың қосылған құн салықты тіркеу мен төлеудің жеңілдетілген тәртібі көзделген. Жалпы, цифрлық салықты енгізу қазақстандық және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік жағдайларды теңестіруге көмектеседі.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режимін және бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін қайта қарау ұсынылады. Бұдан бөлек, автомобильдер бойынша көлік құралдарына салықты есептеуге қатысты тоқталсақ, осыған байланысты шағын және орта бизнестің шығындарын азайту үшін салық салу мақсатында шағын көлемді фургондарды 3,5 тоннадан аспайтын жүк көтерімділігіне қарай салық салу тәртібімен жүк автомобильдеріне жатқызу ұсынылады», - деді депутат.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық қатынаста жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік автокөлік құралдарының жүріп өтуі үшін алым ставкасын 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру ескерілген.

Мобильді төлемдерді фискалдау бағытына тоқталған сенатор: «Пандемия кезінде сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері кәсіпкерлік қызметте жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды барлық жерде пайдалана бастады. Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында: «мобильді төлемдер» түсінігін анықтау, мобильдік төлемдер арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысулар кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдануды заңдастыру, кәсіпкерлерді бизнесті жүргізуге арналған жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу, банктерді мемлекеттік кірістер органдарына тиісті мәліметтерді беру ұсынылады», - деді Ғұмар Дүйсембаев.


Соңғы жаңалықтар