Еңбек жолыңды ауылдан бастаудың еш кемшілігі жоқ – жас дәрігер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Еңбек жолыңды ауылдық жерде бастаудың еш кемшілігі жоқ. Бұл туралы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген Оралдағы №5 қалалық емхана директоры Тимур Әжіғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас дәрігердің айтуынша, өзі Орал қаласында туып-өскен.

Өткен жылы отызға толған Тимурдың әкесі – дәрігер, анасы – инженер-технолог.

Әкесінің ізін қуған ол 2007 жылы мектеп бітіргеннен кейін дәрігерлік мамандықты таңдап, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының (қазір университет) жалпы медицина факультетіне түскен.

Алдымен бес жыл бойы оқып, бакалавриатты бітіргеннен кейін хирургия кафедрасында тағы екі жыл интернатурадан өткен. Оны үздік тәмамдаған Тимур уролог болуға талпынып көрген, бірақ резидентураға түсуге бір ғана балл (шет ел тілінен) жетпей қалды.

Содан кейін Оралға оралған Тимур Бөкей ордасы ауданына жолдама алды. Бөкей ордасы – облыс орталығынан алты жүзге жуық шақырым шалғай жатқан аудан.

- Мен ең алыс ауданға барғаныма еш өкінген жоқпын. Аудандық ауруханада екі жыл бойы хирург болып, тәжірибе жинадым. Жұмыс та жетіп артылатын. Әсіресе, шешім қабылдар кезде қиын. Жаныңда ақыл-кеңес алатын тәжірибелі маман, консилиум шақыруға мүмкіндік жоқ, тек өзіңе сенуге тура келеді. Бұл жауапкершілікті арттырып, өзіңді шыңдай түседі екен. Сондықтан жас мамандарға еңбек жолын ауылдық жерлерде бастауға кеңес берер едім, - дейді Тимур Әжіғалиев.

Кейін Зеленов (қазір Бәйтерек) ауданында дәрігер-хирург міндетін атқарған ол көп ұзамай аудандық аурухана директорының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

2018 жылы облыстық онкология диспансері директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болып ауысқан жас маман бүгінде №5 қалалық емханаға жетекшілік етіп келеді.

Өз білім-білігін ұдайы жетілдіріп, кәсіподақ қызметімен де ұштастырған Т.Әжіғалиев «Жыл көшбасшысы – 2019» облыстық жастар сыйлығының «Үздік жас дәрігер» атағын да жеңіп алды.

Президенттік кадрлық резерв конкурсына қатысып, 300 адамның ішінен жалпы рейтингіде 14-орынды иеленген жас дәрігердің мақсаты да айқын.

«Біздің мақсатымыз – тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету. Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды табысты енгізіп, адамдар медициналық көмекке қолы жететінін сезінетіндей, жоғары талапқа сай қызмет атқара білуіміз керек», - деді жас басшы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын кадр резервіне енген жастардың өз қарым-қабілетін көрсете алатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар