«Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан өңірлерінде «Еңбек жолы» конкурсының бірінші кезеңі өтіп, онлайн-дауыс беру жолымен «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, онлайн-дауыс берудің нәтижелері бойынша ең көп ұпай жинағандардың үштігі «Еңбек жолы» конкурсының республикалық кезеңіне қатысады.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға 388 өтінім берілген, оның ішінде 90 өтінім - «Үздік еңбек әулеті», 154 өтінім - «Өндірістің үздік жас маманы» және 144 өтінім «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымдары бойынша.

Биыл үміткерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 58,4% көп (2018 жылы 245 өтінім).

«Конкурстың негізгі мақсаты еңбек адамдары жөнінде жағымды қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерінің құрылуына жағдай жасау болып табылады. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың қараша айында Қазақстанда Еңбек күнін мерекелеуге арналған «Халықтың әл-ауқатын әлеуметтік әріптестік арқылы жақсарту» республикалық форумы аясында өткізілетін болады», - деді министрліктен.

29 қыркүйек күні елімізде Еңбек күні аталып өтті. Бұл мерекемен қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаған болатын.

Соңғы жаңалықтар