Еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды оңалту тәртібі реттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтамасыз ету тәртібі реттеледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, жұмыс берушінің өз міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) және қызметтерімен қамтамасыз ету заң жобасының тағы бір жаңашылдығы болып отыр.

«Қазіргі уақытта жұмыс беруші, яғни жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте кәсіпорын қызметі тоқтап тұрған кезеңде немесе банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар оңалтудың техникалық құралдарын алу мүмкіндігінен айырылған. Көбінесе банкрот жұмыстары 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін», - деді С. Шәпкенов.

Аталған мерзімде өндірісте мүгедектік алған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады.

«Бұл бағыттағы қадамдар 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар