Еңбек сіңірген бапкер Тұрсынғали Еділов: Мартиросян барынша тырысып бақты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сиднейдегі Олимпиада ойындарында Қазақстанның төрт өкілін финалға шығарған ҚР Еңбек сіңірген бапкері Тұрсынғали Еділов Геннадий Головкиннің Ванес Мартиросянды жеңуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геннадий Головкин өз күші мен мықтылығын қайта дәлелдеді. Қазіргі таңда ол орта салмақтағы ең қайсар және ең мықты боксшы. Әрине, бәріміз бүгін оны өзінің мықты қарсыластарының бірі - «Канеломен» айқасады деп күттік. Бірақ, допинг дауы мен Альварестің бокстан шеттетілуіне байланысты бұл жекпе-жек болмай қалғаны баршамызға белгілі. Сондықтан, оған қарсыласты шұғыл іздеу керек болды», - деді ол.

Тәжірибелі бапкер GGG қарсыласының әрекетіне де баға берді.

«Мартиросян - Головкиннің деңгейіндегі боксшы емес, бірнеше соққыдан кейін-ақ ол әлсіреп қалды. Бірақ ол керек дүниені беруі тиіс: ол шеберлігі жағынан GGG-дан төмен екендігін біле отырып, GGG-мен айқасуға келісті. Бәрі нокаутпен аяқталатынын білді. Айқастың екінші раундта аяқталатынын көп адам күтпеді, дегенмен бұл жекпе-жектің соңғы раундқа дейін жалғаспайтынына сенімді болдым. Мартиросянның батыл әрі ашық әрекеті таңғалдырды, өзі де шабуылдағысы келді. Мүмкін, ол оның қарсыласының орта салмақтағы чемпион, ұлы GGG екендігін ұмытып кеткен сияқты», - деп атап өтті Т.Еділов.

Сондай-ақ, ол Головкиннің Билли Джо Сондерс пен Сауль «Канело» Альваресті жеңетініне сенімді екендігін айтты.

«Бұл Генаға жақсы жаттығу болды, енді біз оның Альварес және Сондерспен айқасын күтеміз. Бұл жеңіс оған жаңа серпін мен сенімділік береді. Мен Генаның барлық чемпиондық белбеулерді иемденетініне күмәнданбаймын. Геннадийдің Сондерстен белбеуді алып, «Канеломен» жекпе-жекте барлық белбеулерін қорғайтынын күтеміз. Содан кейін келесі салмақ дәрежесіне көшу туралы ойлануға болады», - деп атап өтті бапкер.

Сондай-ақ, Т.Еділов барлық отандастарын Головкиннің жеңісімен құттықтады.

Еске салайық, бүгін GGG ұлты армян америкалық боксшы Ванес Мартиросянмен айқасып, 38-ші жеңісіне қол жеткізді. Жекпе-жек техникалық нокаутпен екінші раундта аяқталды.

«Ванес - талапты боксшы, шаршы алаңда бірнеше жақсы соққыларын дарыта алды. Алайда жекпе-жекті екінші раундта аяқтауға қауқарлы болдым (...) Мен кез келген қарсыласқа дайынмын. Егер де «Канело» жекпе-жекке жайын болса, мен де дайынмын. Мен көп жылдар бойы чемпиондығымды сақтап келемін. Менің белдіктерімді алғыларың келе ме? Онда жекпе-жекке шығып, тырысып көріңіздер», - деді Головкин.

Соңғы жаңалықтар