Еңбек министрі мүмкіндігі шектеулі балалардың баспана кезегіне тұру мәселесін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрғын үй кезегіне тұру құқығына қатысты жаңа норманы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектігі бар баланы бағып отырған отбасылар тұрғын үй кезегіне тұра алады. Егер ол 18 жасқа толғанға дейін баспананы алып үлгермесе, оның кезегі жойылып, қайтадан мүгедектігі бар азамат ретінде тұруы керек еді. Қазір заң жобасы арқылы біз сол кезектілікті сақтап қалу жөніндегі норманы енгізіп жатырмыз», - С. Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде.

«Қазір Парламентте (Сенатта) қаралып жатқан заң жобасында тиісті түзетуді енгіздік. Егер бала кезінен кезекте тұрса, сол кезек сақталып қалады. Бұл қадамдар заң жобасында ескерілген. 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарда мүгедектігі бар азаматтарға қатысты барлық мәселелерді пысықтадық», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған заң жобасы биыл қабылдануы мүмкін екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған құжатты талқылау кезінде құжатта мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделіп отырғандығы айтылды.

«Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді», - деді Серік Шәпкенов.


Соңғы жаңалықтар