Еңбек министрі ірі кәсіпорындарды тексерудің нәтижесін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ірі кәсіпорындарды тексеру кезінде еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың мыңнан астам фактісі анықталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр біраз шетел жұмыс күшін тартатын компаниялардың тарапынан заң бұзушылықтар болған. Әсіресе, қазақстандық және шетелдік мамандардың тұрмыстық жағдайы, жалақы жағынан айырмашылығы байқалды. Сондықтан былтыр Президенттің тапсырмасы бойынша, Бас прокуратура бастап, жергілікті атқарушы органдардың еңбек инспекциясы бірлесіп елімізде 95 ірі кәсіпорынды тексерістен өткізді. Яғни, 30-дан астам шетелдік жұмыс күшін тартқандар қамтылды», - деді министр Парламент Сенатында шетелден жұмыс күшін тарту тақырыбына арналған кеңесте.

Б. Нұрымбетовтың айтуынша, осы орайда еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 1 008 фактісі анықталды. 95 кәсіпорынның 27-сінде жалақы төлеудегі 479 сәйкессіздік белгілі болды. Бұған қатысты заңнамада қарастырылған шаралар іске асырылды.

Осы орайда, ол 98 млн теңгеден астам сомаға 397 әкімшілік іс (63 ескерту, 334 айыппұл) қозғалғанын атап өтті. Жұмыс істеуге арналған 703 рұқсат кері қайтарылды, 507 шетелдік жұмыскер елден шығарылды.


Соңғы жаңалықтар