«Еңбек» бағдарламасына 32 мың адам қатысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 32 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрлікке сілтеме жасап.

Алматы қаласында 32,8 мыңнан астам адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды.

Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының ақпаратында Бағдарламаны іске асыру шеңберінде еліміздің ірі қаласында уақытша жұмыс орындарына 15 560 адам, оның ішінде 1116 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 992 адам – жастар практикасына және 13 452 адам – қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Тұрақты жұмыс орындарына 15 015 адам жұмысқа орналастырылды.

Бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 1 306 мемлекеттік грант және 43 микрокредит бөлінді.

Қысқа мерзімді курстарға 876 адам жіберілді, олар оқуды аяқтағаннан кейін тиісті жұмыс орындарына орналастырылды.

Осылайша, мамандығы бойынша қаржыгер Думан Каюпов жұмыс іздеуде қиындық көрген соң оқудан өтіп, бухгалтер болды.

«Бұндай мүмкіндік туралы маған досым айтқан болатын. Жұмыспен қамту орталығына хабарласуға болатынын, онда қайта оқуға жіберетіні туралы айтты. Мен бухгалтерия курсынан өтуді шештім. Өзімді жақсы жағынан көрсетіп, курсты үздік бітірдім. Мені жұмысқа алды, осы ұйымда әлі күнге дейін жұмыс істеймін. Өзіме мұнда ұнайды, жалақысы да жақсы», – деп өз жетістіктерімен бөлісті Думан Каюпов.

Қысқа мерзімді білім берудің үлкен артықшылығы – талап етілетін мамандарға жұмыс берушілердің өздері өтініш береді.

«Азаматтардың қай жұмысқа орналасатынын таңдауы – бұл жақсы құбылыс. Біреу мамандық бойынша жұмыс таба алады, ал біреу қайта оқып, жаңа біліктілік бойынша кепілдік берілетін жұмысқа орналаса алады. Әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және жастар практикасы сияқты өзге де белсенді шаралар бар», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Ауталиф.

Бұған дейін хабарланғандай, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 379 мың адам қатысып, түрлі қолдау алды. Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша бос жұмыс орындарына 130 мың адам, мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 156 мың адам жұмысқа орналастырылды, 5 800 жеңілдікті кредит және 17 200 қайтарымсыз грант берілді, 34,5 мың азамат кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімді оқытудан өтуде.


Соңғы жаңалықтар