Емханаға тіркелудің үш тәсілі қандай – маман жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина емханаға тіркелудің үш тәсілін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші тәсіл – емхананың тіркеу бөліміне барып, тіркеу туралы өтініш жазу. Бұл тәсіл жасы бойынша зейнетке шыққан зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, балаларға, оның ішінде шет мемлекеттерде туған балаларға, сәбилер үйлерінде тұратын балаларға, жетімдерге, сотталғандарға, колонияларда жазасын өтеушілерге және медреседе оқитындарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге немесе сенімхат бойынша тіркелуді ресімдеушілерге ғана қолжетімді. Ол үшін сізге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат құжаты қажет. Егер сіз 18 жасқа дейінгі баланы емханаға тіркеткіңіз келсе, баланың және оның заңды өкілінің - анасының, әкесінің немесе қамқоршысының жеке басын куәландыратын құжаттарын ұсыну қажет», - дейді Айнагүл Дәулетшина.

Оның айтуынша екінші тәсіл – халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы емханаға тіркеуге өтінім беру. Ол үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат құжаты болуы қажет. Өтінімнің өңделу мерзімі – бір жұмыс күні.

«Үшінші тәсіл – үйден шықпай емханаға тіркелу. Яғни, Сізге электронды үкімет порталы арқылы өтінім беру жеткілікті. Ол үшін алдымен сайттың басты бетіндегі «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдаңыз. Содан кейін «Медициналық көмек» қосымша бетіндегі «медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметіне басыңыз. «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз. Одан соң тіркелуге сұраныс жіберу үшін жасыл белгімен белгіленген барлық тармақтарды толтыру қажет. Сұранысты сәтті жібергеннен кейін сіз «сұраным өңделуде» мәртебесін көресіз. Таңдаған емханаңызға тіркелу туралы жауап Сіздің жеке кабинетіңізге бір жұмыс күні ішінде келеді», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар