Елжан Біртанов тегін дәрі-дәрмектің сатылуымен күрес қалай жүргізілетінін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқастарға тегін берілетін дәр-дәрмектің сатылымға шығарылуымен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде тегін дәрі-дәрмек 2005 жылдан бастап беріледі және жыл сайын оның тізімін кеңейтіп жатырмыз. Мемлекет қосымша қаржы да бөледі. Ең маңызды мәселе - осы тегін дәрі-дәрмектің әр науқасқа тікелей жетуі. Біз оны бақылауда ұстауға тиіспіз. Өткен жылдары көптеген науқас адам бізге хабарласып, тегін дәрілерді ала алмағандықтарын немесе ұзақ күтетіндіктерін айтқан еді. Оның себебі жоспарлауға байланысты болды. Айталық, артериалдық гипертензиямен ауыратын 30 мыңнан астам адамға дәрі-дәрмекті жоспарлы түрде сатып алу үшін біз тікелей науқастардан ақпарат білуіміз қажет еді», - деді министр бүгін БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында.

Оның айтуынша, 2015-2016 жылдары сырқат жандардан қажетті ақпараттарды жинау қағаз түрінде жүргізілді. Ал бұл кезегінде қажетті тегін дәрі-дәрмекті сатып алу жоспарының орыналуына кедергі келтіріп отырды. Сондықтан салаға цифрландыру жүргізіліп, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар арнайы тізімге алынды. Бұл жұмыс 2018 жылы толық аяқталды. Ал 2019 жылдан бастап сол тізім арқылы ғана дәрігердің рецептімен тегін дәрі-дәрмектер науқастарға беріле бастады.

«Өткен жылы осы тегін берілетін дәрілер жеке дәріханалардан немесе шетелден табылды. Біз мұны өзіміз анықтап, құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға бергенбіз. Осы факті бойынша 28 қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласы мен Түркістан облысында бірнеше медициалық қызметкер осындай қылмыспен ұсталып, шаралар қабылданды. Дегенмен, мұны бақылауға келгенде бірқатар қиындық бар. Қазіргі заңға сәйкес біздің мемлекеттік органдар, мәселен фармация қызметкерлері, инспекторлар жеке дәріханаларды, клиникаларды тексере алмайды. Сондықтан қазір кодекске арнайы нормалар енгізіп жатырмыз. Мысалы, азаматтардың денсаулығына байланысты мемлекеттік бақылау мүмкіндігін кеңейту, дәрі-дәрмектің сапасын, бағасын және жеткілікті екендігін бақылау үшін мүмкіндік жасау көзделіп отыр», - деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар