Елжан Біртанов Шымкенттегі перзентхананың жұмысымен танысты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан перзентхана жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Перзентхананың 6 корпусында жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта 2 корпуста жұмыстар аяқталды. Медициналық ұйымда ғимараттың материалдық-техникалық жағдайы 100 пайыз жаңартылады деп күтілуде. Басты мақсат – өңірдегі аналар мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту. Клиникада жылына орта есеппен 9 мың ананы босандырып алса, енді жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін медицина қызметкерлері жылына 10 мыңнан астам жүкті әйелді қабылдай алады.

Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, кездесу барысында министр медициналық мекемені осы саланың қажетті мамандарымен қамтамасыз ету деңгейіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар ол шұғыл медициналық көмек көрсететін реаниматолог, хирург, акушер-гинеколог сияқты мамандарға мемлекет тарапынан бірінші кезекте қолдау көрсетілуі керек екенін атап өтті. Бұл туралы Халық денсаулығы туралы кодекс жобасында жазылған.

«Мемлекет басшысы әсіресе қылмыстық жауапкершілік туралы мәселені мұқият талқылап, шешуді тапсырды. Олар қажет болған кезде қудалануы мүмкін, нормалар мен әлемдік талаптар бар. Бірақ біз, ең алдымен, реаниматологтерді, хирургтерді, гинекологтерді қорғауымыз керек. Бұл – ең көп сұранысқа ие мамандық бірі. Түрлі жағдайлар болады, мысалы, жағдайы ауыр науқас реанимацияда қайтыс болуы мүмкін, реаниматологтер кінәлі болып шығады, олар науқастың өмірін сақтап қалуға тырысты. Соңында оларды сотқа береді. Мұның бәрі елде сұранысқа ие кадрлардың тапшылығына әкеледі», - деп атап өтті Е.Біртанов.


Соңғы жаңалықтар