Елжан Біртанов: Коронавирус жұқтырған 59 адам ауыр халде жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде коронавирус табылған науқастардың 78 пайызында вирус симптомсыз өтті. Олар дәрігерлердің бақылауымен үйлерінде емделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стационарда жатқан 5800-ден астам науқастың 59-ының жағдайы өте күрделі деп айтуға болады. Бұл - жалпы науқастардың 1 пайызы. 10 пайыз, яғни 100-ге жуық науқастың жағдайы орташа деңгейде. Әрине, олар инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр. Сонымен қатар науқастардың 10 пайызының ауруы жеңіл деңгейде өтіп жатыр. Ал бүгінгі күнге тіркелген науқастардың 78 пайызының, яғни, 4 500-інің жағдайы симптомсыз деп белгіленген», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Осы ретте министр вирус симптомы жоқ мұндай науқастардың ауруды өзге адамдарға жұқтыруы мүмкін екенін, сондықтан оқшаулау, карантинге жатқызу маңызды екенін баса айтты.

«Үйде болсын, арнайы карантиндік нысанда болсын, ауруханада болсын - оқшаулану өте маңызды. Әрине, көп жағдайда бұл ауру симптомсыз өтіп кетеді. Яғни, науқастардың 70 пайызында аурудың еш белгісі байқалмайды. Бірақ, 30 пайызының жағдайы нашарлауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлеріміз тексеріп, нақты бақылауда ұстауы тиіс», - деді Елжан Біртанов.



Соңғы жаңалықтар