Елорданың коммуналдық қызметі карантин кезінде де жұмысын тоқтатпайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық қызметі қоғамдық көлік аялдамаларын, жол жиектерін, көшелер мен аулаларды күртік қардан тазалап, үздіксіз көлік байланысын қамтамасыз ету үшін күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коммуналдық қызметтің барлық жұмысшылары қала тіршілігі жүйесінің толассыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Күнделікті қар тазалау мен тазалық шараларына 1400 бірлік техника мен 1600 адам жұмылдырылған. Осы күнге дейін 6 млн 500 мың текше метр қар шығарылды»,- дейді «Астана тазалық» мамандары.

Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, карантин енгізілген сәттен бастап, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қоғамдық жерлер мен көшелер, аула іші мен жаяу жүргіншілер жолын тазалау қадағалануда. Қала сыртында тұратын жұмысшылар кедергісіз жұмыстарына қатынауда. Олар төлқұжаттық және медициналық бақылаудан өткеннен кейін ғана істеріне кіріседі. Сондай-ақ, жұмысшылар маска, қолғап және басқа да қорғаныс құралдарымен тегіс қамтылған.

Нұр-Сұлтан қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының ақпаратына қарағанда, елорда көшелерінде маусымдық жөндеу жұмыстары әлі бастала қойған жоқ.

«Дегенмен, кей жерлердегі шұңқыр жолдар жөнделіп жатыр. Жалпы, қалалық көлік жолдарын жөндеу жұмысы сәуір айының соңында басталады», - деп атап өтеді басқармадан.


Соңғы жаңалықтар