Елорданың Көктал-1 шағын ауданындағы үйлер мамырдан бастап газға қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 шағын ауданындағы жер үйлер мамырдан бастап газға қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықпен бүгін онлайн кездесу өткізген Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен елордадағы жер үйлер көбірек шоғырланған Көктал 1, Көктал-2, Агроқалашық ықшам аудандарына газ қосу мәселесіне жеке тоқталды.

«Бүгінгі таңда «Астана» №1 автоматтандырылған газ таратушы стансасының бөлуші орнынан «Көктал» газ реттеуші бекетіне дейін 9200 метрлік болат құбыр тартылды. «Көктал» газ таратушы бекетінен ГТБ-1, ГТБ-2, ГТБ-3-ке дейін қысымы Д=500 болатын 8000 метрлік полиэтиленді құбыр тартылды. Газ таратушы бекеттер орнатылды. Көктал-2 ықшам ауданы туралы айтар болсақ, 50 мекенжайға газ қосылып қойды. Ал Көктал-1 ықшам ауданындағы 91 көшенің 88-і бойынша жұмыс аяқталды. Аталған тұрғын үй алабындағы үйлерге мердігерлер газды осы жылдың мамыр айында қосуды жоспарлап отыр», - деді Есет Байкен онлайн кездесу барысында.

Ал Агроқалашықтағы 97 көшенің 65-не газ құбыры тартылған. Тұрғын үй алабының орталығындағы 24 көшедегі үйлерді 2021 жылдың соңына дейін газға қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар аталған үш ықшам ауданда 14 әлеуметтік нысанға газ қосылмақ. Олардың ішінде – 7-уі Көктал-1, 2-уі Көктал-2, 5-уі Агроқалашықтағы білім беру нысандары.

Еске сала кетсек Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтен газдандыру мәселесі қалай жүргізіліп жатқанын сұраған болатын. Атап айтқанда Президент қала әкімінен жер үйлерге газ қосу қызметі неліктен қымбат екенін білгісі келген еді.

Фото: Александр Куприенко
Соңғы жаңалықтар