Елорданың қоғамдық көліктерінде маска режимінің сақталуы тексерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада КВИ індетінің өсуіне байланысты қоғамдық көлікте маска режимінің сақталу барысы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

CTS көлік компаниясының мамандары автобустарға кіріп, жолаушылардың бетперде режимін сақтауын қадағалады. Тексерушілер маскасын шешіп отырғандарға және оны дұрыс тақпағандарға ескерту жасап, елордадағы эпидемиологиялық жағдай мен коронавирус індетінің өсуіне байланысты маска режимін сақтауды сұрады.

«Қазір рейдке жиі шығамыз. Өздеріңіз білесіздер, карантинге байланысты қоғамдық көлікке кірген жолаушылар міндетті түрде бетперде ережесін сақтауы керек. Бірақ кейбір жолаушылар маска тақпай кіреді. Сол себепті автобуста жүрген кезде «бетперде тағыңыздар» деп ескертеміз. Қазір маскаға қатысты жай ғана ескерту жасап жүрміз. Айыппұл салынып жатқан жоқ. Жолаушылардың тең жартысы бетперде тақса, жартысы маскасыз немесе дұрыс тақпай отырады. Ал бізді көре сала жылдам тағып ала қояды. Қазір қоғамдық көлікте дезинфекция жүргізіліп тұрады. Дегенмен маска тағу ауру жұқтыру қаупін азайтады. Адам көп жиналатын жерде барынша қауіпсіздік сақтаған абзал», – деді CTS компаниясы көлік бақылау департаментінің менеджері Алтынай Әлішбекова.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы эпидемиологиялық ахуал өте ауыр болып тұр. Күн сайын қалада КВИ ауруын жұқтырған 1 300-ден астам науқас анықталады. Аурудың орташа және ауыр ағымы бар 300-ге жуық пациент инфекциялық стационарларға түседі. Осыған байланысты мамандар қаласы тұрғындарына ара қашықты сақтап, бетперде тағу ережесін қатаң сақтауды сұрайды.

Айта кету керек, инфекцияның өсуін тоқтатудың жалғыз тиімді әдісі – екпе егу арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Ол үшін вакцинаны тұрғындардың 60%-дан астамы алуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар