Елорданың карантин аймағына өтіп кетпек болған көлік өзеннің ортасында қалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантин аймағына заңсыз өтіп кетпек болған «Mercedes Benz Gelandewagen» көлігі Нұра өзеннің ортасында тұрып қалған. Қалалық департаменттің іздеу-жедел тобы көлікті тауып, судан алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласында енгізілген төтенше жағдай кезінде карантин аймағына заңсыз өткендерді анықтау және ұстау мақсатында қалалық полиция департаментінің тәртіп сақшылары және «Астананың көлік клубтары альянсы» қозғалысының еріктілерінен құрылған мобильдік жедел-іздеу топтары құрылды.

6 сәуір күні сағат 11:00 шамасында жедел топ Целиноград ауданының Қосшы және Тайтөбе ауылдарының арасында Нұр-Сұлтан қаласының карантиндік аймағына Нұра өзенін кесіп өтпек болған «Mercedes Benz Gelandewagen» көлігін анықтады.

Алайда, бөгет шлюзы ашылғандықтан өзендегі су деңгейі бір жарым метрге көтеріліп, көлік судан өте алмай қалған.

Полицейлер мен еріктілер болат арқанға жалғап, көлікті судан сүйретіп алып шықты.

Карантин режимін бұзған ер адам өзенге балық аулауға келіп, осындай жағдайға ұрынғанын айтып ақталған.

«Mercedes Benz Gelandewagen» маркалы көліктің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы («төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша хаттама толтырылды, Аталмыш бапта 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Полиция департаменті күн жылынуына байланысты өзенде су деңгейі көтеріліп, кейбір көпірге шығар тұсты және жолдарды су басып қалғанын еске салады. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына аса сақтық танытып, қажеттілік туындамаса, үйден шықпауға кеңес берілді.


Соңғы жаңалықтар