Елорданың барлық ауданында Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың барлық ауданында Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор. Өткен жылдары Нұр-Сұлтан қаласында азаматтық қоғамдық қолдау, оның әлеуетін нығайту, сондай-ақ маңызды мәселелерді шешу ісіне азаматтық қоғам өкілдерін жұмылдыру мақсатында әлеуметтік әріптес ретінде бірқатар іргелі жұмыс жүргіздік. Әлеуметтік саясат басымдығы қалыптасты. Астана адалдық алаңы, Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық бастамалар орталығы, «Жанұя» қолдау институты, аға буынмен сабақтастықты нығайту және тәлімгерлікті дамыту бағытында Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды. Жақында ғана аштық», - деді ол «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізудегі азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында өткен кездесу барысында.

Оның айтуынша, Белсенді ұзақ өмір орталығын құру туралы ұсынысты аға буын өкілдері берген. Олар үйлерінде бос отырмай, сол жерде әңгіме-дүкен құрып, шахмат ойнап, спортпен де айналыса алады. Бұл бастама ғана. Алдағы уақытта қаланың әр ауданында осындай орталықтар ашылады.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды ұзақмерзімді қаржыландыруды 8 жобаға жеткізді. Осы 10 жыл бұрын елордада үкіметтің емес ұйымдардың саны 2 500 болса, қазір 12 пайызға артып, 2 900-ге жетті. 2018 жылмен салыстырғанда азаматтық қоғам институттарының белсенділігі 3 есе артты», - деді Бақтияр Мәкен.

Бұған дейін елордада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізудегі азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында кездесу өткізгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар