Елорданың әскери колледжі алғашқы талапкерлерді қабылдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың әскери колледжі алғашқы талапкерлерді қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалды. Кеңес одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж жаңа мәртебеде алғашқы білім алушыларды қабылдауға дайын. Әскери оқу орны биыл «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында құрылды.

Әскери колледждегі оқу мерзімі екі жыл он ай. Осы уақыт ішінде әскери білім алушылар саптық, оқ ату, дене даярлықтарының негіздерін меңгереді. Сондай-ақ жеке құрамды басқару және әскери істегі автоматтандыру және ақпарат технологиялары, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бөлімшелері мен инженерлік бөлімшелерді басқару дағдыларына машықтанады.

Әскери білім ордасына 15 жастан 17 жасқа дейінгі жастар түседі. Ол үшін талапкерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық куәландырудан өтіп, дене шынықтыру даярлығынан емтихан тапсыруы қажет.

Елордалық әскери колледжге құжаттарды қабылдау тамыз айының 1 мен 5-і аралығында өтеді. Талапкерлер әскери оқу орнында емтихан тапсырып, конкурс іріктеуден өтеді.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери даярлықтың қосымша бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарының түлектеріне жеңілдік қарастырылған. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе мүгедек боп қалған әскери қызметшілердің балалары, өздері таңдаған мамандығына сәйкес келген жағдайда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары да басым құқыққа ие.

Соңғы жаңалықтар