Елордалықтарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа заңнама түсіндірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа заңнама түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында осы жылдың 7 қаңтарында күшіне енген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы түсіндіру бойынша тұрғындармен және қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдерімен кездесу аяқталды. Кездесу «еркін микрофон» форматында өтті. Кез келген азамат ТКШ саласындағы заң жобасын әзірлеушілерге де, аудан әкіміне де сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Бір апта ішінде кездесуге мыңға жуық тұрғын келді.

Қала тұрғындарын басқарудың жаңа үлгісі - Мүлік иелері бірлестігіне көшу процедурасы, тұрғылықты жерге тіркелу, аялдама павильондарын орнату, көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру, аулаларды абаттандыру сынды мәселелерге зор қызығушылық танытты. Көптеген мәселе бірден шешілді. Мәселен, саябақ құрылысын талқылау барысында өткен жылдың желтоқсан айында өткізілген қоғамдық тыңдау өз жемісін берді. Ол кезде тұрғындар бөлінген учаскелерге қажетті қондырғыларға қатысты нақты ұсыныстар берген болатын.

Аудан әкімі мектептердегі орын тапшылығына орай қазіргі уақытта 4 мектеп пен 1 балабақша салынып жатқандығын айтты. Аталған нысандар № 59, 71, 75, 76, 77, 79, 84, 85 мектептердегі орын тапшылығын жоюға септігін тигізеді.

Сонымен қатар ТКШ бойынша мәселелердің өзектілігін ескере келе тұрғындарға кеңес беретін байланыс орталығын құру процесі талқыланып жатыр. Конференция барысында көтерілген өзге мәселелер Есіл ауданын дамыту жоспарына енгізілетін болады.

Аудан әкімінің төрағалығымен өткен конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов пен Павел Казанцев, қалалық мәслихат депутаттары Қарақат Әбден мен Мирас Шекенов және қалалық басқармалардың, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Аудан тұрғындарымен мұндай форматтағы кездесулер әкімдердің тұрғындардың есеп беру жиындары аясында 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында өткізіледі. Толыққанды ақпарат ресми сайтта және ауданы әкімінің және әкімдіктің (@berik.jakenov, @esilakimat) Instagram мен Facebook парақшаларында орналастырылады.



Соңғы жаңалықтар