Елордалық полицейлер шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін 37 адамға шара қолданды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда аумағында 27 маусымынан 4 шілдеге дейін заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу мақсатында «Нелегал-2022» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері елордалық гарнизонның қызметкерлері шетелдік азаматтардың елде жүру ережесін бұзудың 736 фактісін анықтады. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін Қазақстанның 37 азаматына әкімшілік жауапкершілік бойынша шара қолданылды.

«Мәселен, ағымдағы жылдың 29 маусымында сағат 19:00-де Сарыарқа аудандық ПБ Көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері жарнамамен айналысатын елордалық ЖШС-нің директоры, 34 жастағы қала тұрғынын ұстады. 2021 жылдың қараша айынан бастап әйел өз ЖШС-інде 106 шетелдік азаматқа бір жыл мерзімге менеджер лауазымында жұмыс істеуге рұқсатты заңсыз рәсімдеген. Сонымен қатар, жыл басынан бері өз атынан 935 адамға шетел азаматтарының ҚР-на келуі туралы хабарлама түсті. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - делінген департаменттің баспасөз мәлімдемесінде.

Алдын алу іс-шарасын жүргізу кезінде елден 58 шетелдік шығарылды, қабылдау-тарату орнына 204 ТМД және алыс шетел азаматтары орналастырылды. Шекараны заңсыз кесіп өтудің 4 фактісі анықталды.


Соңғы жаңалықтар