Елордалық мұқтаж жандарға құрбандық еті үлестірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық еріктілер Құрбан айтта мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізеді. Биыл құрбандық шалу qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимінде ғана жүзеге асырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.


«Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймыз. Бүгін елорда әкімдігі мен Мүфтияттың бірлескен күшімен qurban2021.kz сайты арқылы онлайн құрбандық шалу ұйымдастырылды. Құрбандық шалуға арналған арнайы орындардан әкелінген еттерді еріктілер мүшелеп, таратуға көмектеседі, ал автоволонтерлер бұл пакеттерді өз машиналарымен көрсетілген мекенжай бойынша тасымалдайды. Жұмыс таңертең ерте басталады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Діндерді зерттеу орталығының басшысы Мәди Тайпин.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, qurban2021.kz сайтына көмекке мұқтаж көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан құрбандық етін алуға 3 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

«Құрбандық еті әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға таратылады. Биыл етті таратуға 100-ден астам ерікті мен автоволонтер жұмылдырылды», - деді «Астана Жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жұрттың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында мал союға арналған дәстүрлі орындар, яғни базарлар, шаруа қожалықтары жабылды.

«Алла Тағала сіздерге денсаулық берсін! Қазір бәріміз үшін ең бастысы – денсаулық, қалғанының бәрі ретімен болады. Бізді естен шығармайсыздар, осы жолы да көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз», - деді еріктілерге риза болған елорда тұрғыны Қарлығаш Ақжігітова.

«Қала әкімдігі мен еріктілерге көрсеткен көмектері үшін алғыс білдіремін. Баршаңызға амандық тілеймін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын!» - деп алғысын білдірді елордалық Әлия Әмірғазина.


Соңғы жаңалықтар