Елордалық құтқарушылар жолда қалған жүкті әйелді перзентханаға жеткізуге көмектесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері Қорғалжын тас жолында боранда қалған қала тұрғыны Камал Қонысбаеваны перзентханаға жеткізуге жәрдем берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтемемен.

Аталмыш оқиға 27 қаңтар күні таңғы 6.00 шамасында Қорғалжын тасжолында болған. Ай-күні жақындаған қала тұрғыны Камал Қонысбаева балаларын қала сыртында тұратын ата-анасының үйіне апарып, ертесі елордаға қарай жолға шығуды жоспарлаған. Бірақ, 26 қаңтар күні түнде толғағы басталған келіншек жолдасымен бірге тасжолдың жабылғанына қарамастан жолға шыққан.

Көп ұзамай олар «102» қызметіне хабарласып көмек сұраған. Қалалық ТЖД қызметкерлері Ж.С Әбдірахманов, А.Б Рахметов, Н.А Есім және А.З Закарьянов жабық тасжолмен жүріп, жүкті әйелді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бригадасына тапсырды.

«Таңғы 7.30-дар шамасында келдік. Толғағым жиі болып жатқан соң жолда босанатын шығармын деп ойладым. Бірақ, төтенше жағдайлар, жедел жәрдем және осы перзентхананың қызметкерлерінің арқасында барлығы сәтті аяқталды. Барлығына алғысым шексіз»,- дейді төртінші баласын құшағына басқан Камал Қонысбаева.


Жедел жәрдем қызметкерлері Т.А. Абдилоев пен А.А. Спаналиев келіншекті №1 көпбейінді қалалық ауруханасының акушерлік бөліміне таңғы сағат 7.30 шамасында жеткізген.

«Камалдың және нәрестенің жағдайы жақсы. 27 қаңтар күні кешкі 17.00 шамасында босанды. Бәрі сәтті өтті. Бүгін үйіне шығарамыз. Әр баланың аман-есен дүниеге келуі - біз үшін де үлкен қуаныш. Бұл - біздің жұмысымыз», - дейді перзентхананың жоғары білікті акушер дәрігері Сергей Ли.


Соңғы жаңалықтар