Елордалық еліміздегі алғашқы Зағиптар үйін салуға бекініп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Мирас» қорының президенті Жүзбай Серікұлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің қабылдауында болып, оған Зағиптар үйінің жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүзбай Серікұлы министрмен кездесу үшін бүгін «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына келіп, осындай мәселе көтерді. Айтуынша, еліміздегі зағип жандардың мұқтаждығы баршылық.

«Менің өзім І топтың мүгедегі болғаннан кейін мүгедек жандардың жағдайына баса мән беремін. Қоғамда әртүрлі жағдай болып жатыр. Мәселен, көз жанарынан айырылған жандар көмекке өте мұқтаж. Көзіне ота жасалып, жалғыз қалған қаншама адамды көрдім. Осындай қиындықтарға төзбей өз-өзіне қол жұмсай жаздаған адамдар да бар. Оларды сабырға шақырып, «егер Алла нәсіп етіп, көзімде кішкене саңылау ашылса, Зағиптар үйін салуға әрекет жасаймын» деп уәде бердім. Сол әрекетіміздің оңынан шешіліп тұрған жайы бар. Мақсатымыз – жер алып, ғимарат салу. Бүкіл Қазақстанның жер-жерінде көз жанарынан айырылып, жалғыз қалған жандар сол жерде тұрса деймін», - деді Жүзбай Серікұлы.

Қор директорының айтуына қарағанда, елімізде Қарттар үйі, Мүгедектер және Балалар үйінің бары белгілі. Бірақ, көз жанарынан айырылған адамдарға арналған үй жоқ.

«Зағип жандар қиналғанда қайда барарын білмей қалады. Әлбетте, ешкімді ешкіммен салыстырғым келмейді. Жобаның құрылымын жасап қойдық. Ол ғимаратты салсақ, оның ішінде өзінің бассейні, жаттығу залы, офталмологиясы болады. Ол жерде кәсіби жұмысымен де айналысуға мүмкіндік қарастырсақ дейміз», - деді ол.

Жүзбай Серікұлының есебінше, Зағиптар үйін салуға шамамен 5 млн АҚШ долларындай қаражат керек. Ғимарат үшін қор басшысы 2 гектар аумақтың қажеттігін айтады.

«Әрине, жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Сол үшін бүгін министрдің алдында бірігіп инвесторлар мен демеушілерді тарту мәселесін көтердім. Сол жағынан қолдау тауып, ойымыз іске асып кетсе дейміз. 13 қараша – Дүниежүзілік зағиптар күні. Соның қарсаңында елордадағы «Тұран» мейрамханасында «Қараңғыдағы кешкі ас» атты қайырымдылық іс-шарасын өткізейік деп жатырмыз. Сол кешке қаладағы белді кәсіпкерлерді, депутаттарды шақырып, аталмыш мәселені көтермекпіз. Онда мүмкіндігі шектеулі азаматтар да болады. Сол жерде жобамызды таныстырып, келушілерге қараңғыда кешкі асын ішкізбекпіз. Дәрігерлердің өзі қараңғыда тамақтанудың денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдеген. Сонымен бірге, қараңғыда зағип жандармен бірге өмірдің қандай болатынын сезініп көрсе екен деген ниет те бар», - деді ол.

Жүзбай Серікұлы келтірген мәліметке сенсек, Қазақстанда қазіргі таңда 25 мың зағип жан бар. Ал Нұр-Сұлтанда көз жанарынан айырылған І және ІІ топтағы 600 адам бар.

Соңғы жаңалықтар