Елордадағы жәрмеңкеге Павлодар облысынан 520 тонна азық-түлік әкелінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында осы жылдың соңғы аймақтың жәрмеңкесі өтіп жатыр. Өңірлердің өнімдерін елорда халқына өткізуге мүмкіндік беретін биылғы жәрмеңкелер легін бүгін және ертең Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары түйіндейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос өңірдің әкімдіктерінің өкілдері жәрмеңкені сағат таңертеңгі тоғыздан бастамақ болыпты. Алайда сегізден бастап елордалықтар жәрмеңкеге көптеп келе бастағандықтан саудагерлерге сауда сөресін ертерек ашуға тура келген. Жәрмеңке өтетін «Хан Шатыр» ОСО маңында көліктер сығылысып, жұрт қызу саудаға кіріскен.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шақыруымен Павлодар өңірінің халқы жалпы жиыны 520 тонна болатын азық-түлігін алып келді. Атап айтқанда 60 тонна ет (сиыр, жылқы, қой мен тауық еті), 240 тонна картоп, 105 тонна жеміс-жидек пен көкөніс, сондай басқа да өнімдер жеткізілді. Бұл шараға Павлодар өңірінен толығымен, 3 қала мен 10 ауданның шаруалары қатысуда. Бәрі де делдалсыз өз өнімін өткізу мүмкіндігіне ие болып отыр» - дейді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Көшербаев.


Оның айтуынша қазіргі уақытта Павлодар облысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерімен өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған өңір.

«Мәселен сүт пен ет бойынша өз-өзімізді 100 пайыз қамтып келеміз. Картоп өндіру жағынан өз қажеттігімізді жеті есе артық жабудамыз. Сол секілді макарон өңір қажеттігінен бес есе, арпа алты есе артық өндіріледі. Біздің аймақтан қазылып алынатын картоп мен сәбіз Қазақсанның бүкіл өңірінен бөлек, Ресей мен Өзбекстанға жөнелтіледі», - деді ол.


Төлеген Көшербаев Павлодардағы «Кэмми» өнімдері Санкт-Петербург пен Сахалинге дейін экспортталатынын айтады. Сол секілді «Смак» компаниясының Ресейде 40-қа жуық дебьюторлық нүктесі бар. Олар ірі экспортерлар.

«Бүгінгі және ертеңгі жәрмеңкеде әкелген өнімдеріміздің 90-95 пайызын өткізсек деп отырмыз. Елорда халқын биылғы жылдың соңғы аймақтық жәрмеңкеге шақырамыз», - деп түйді Төлеген Көшербаев.



Соңғы жаңалықтар