Елордадағы дәмханада болған жарылыс: Тағы бір адам көз жұмды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада демалыс күні дәмхананың бірінде жарылыс болып, бір адам көз жұмған еді. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүгін сол жарылыс салдарынан ауыр жарақат алған тағы бір адамның қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Науқас жансақтау бөлімінде көз жұмды. Пациент өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Науқаста бассүйек миының ауыр жарақаты болған. Ауруханаға түскен сәттен бастап оны № 2 көпбейінді қалалық аурухана және Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары қарады. Бірақ жүргізілген барлық емдеу шараларына қарамастан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы.

Қазір, жарылыстан зардап шеккен тағы екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр.

Айта кетейік, 21 қарашада астанадағы дәмхананың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адам қаза тапты. Зардап шеккен 23 адам ауруханаларға емделуге жатқызылды. Осы оқиғадан кейін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетілетіндігін мәлімдеді. Ол Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуын тексеруді тапсырды.

Ал 23 қарашада қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жарылыста күйіп қалған 3 адам жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған еді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі елордада жарылыс болған дәмханадан өрт сөндірушілердің 35 газ баллонын алып шыққанын жария етті.


Соңғы жаңалықтар