Елордадағы балалар үйінде тегін оңалту тобы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы мамандандырылған балалар үйінде қосымша екі топ ашылды. Оның бірінде даун синдромы, сал ауруы дертіне шалдыққан балаларға оңалту жұмыстары жүргізілсе, екінші топта өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балалары тәрбиеленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі топтың ерекшелігі - көмекке мұқтаж бүлдіршіндер бұл жерде таңнан кешке дейін ғана болады.

«Таңертең ата-аналар балаларын әкеліп, кешке алып кетеді. Бұл мекемеде оңалту жұмыстарын жасайтын мамандар да жеткілікті, медициналық құралдар да бар. Біз мемлекеттің қолдауымен қалалық әкімдік, денсаулық сақтау басқармасымен үлкен іс тындырдық деп ойлаймын. Мұндай қызмет түрін көрсету тегін жүзеге асырылады», - дейді мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәуле Кенжебаева.

Оның айтуынша, балалар үйінде осы екі топтағы бүлдіршіндерді қосқанда 75 бала бар.

«Жаңадан ашылған екі топтың әрқайсысында 15 баладан бар. Қалғаны - жетімдер. Бұл- игі істің бастамасы, болашақта кеңейеміз бе, жоқ па - оны уақыт көрсетеді»,- дейді ол.

Екі топтың ашылу салтанатына қатысқан Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Қаналимов Ерке есімді бүлдіршіннің тұсауын кесті.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы ата-аналар мен мекеме мамандарын жаңа топтың ашылуымен құттықтады.

«Елбасымыз ел болашағы - балалар екенін әрдайым айтатын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа жолдауында бала денсаулығы үшін барынша мемлекеттік көмек көрсету туралы айтқан болатын. Мына жерде билеп өнер көрсеткен бүлдіршіндердің бірі де жылаған жоқ. Бұл осы жердегі мамандардың балаларға деген жылы лебізін, кәсібилігін білдіреді. Бұл жердегі әр баланың өзіне тән ерекшелігі, тағдырдың басына салған сынағы бар, бірақ мемлекет мұндай балаларды ешқашан назардан тыс қалдырмайды», - дейді ол.

Шарада көпбалалы ана осындай бастаманы қолға алғандарға алғыс айтты.

«Мен ата-аналар атынан сіздерге алғыс айтқым келеді. Менің жолдасым - І топ мүгедегі. Біздің төрт баламыз бар. Кенжеміз 9 айлық. Бұл - біз үшін үлкен көмек. Енді мен жұмысқа шығып, отбасылық табысты көбейте аламын», - дейді көпбалалы ана Айсара Оразалина.

Автор: Зарина Қаһарман

Соңғы жаңалықтар