Елордада жылына 100 мың тоннадан астам қалдық шығарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан өткен жылы 113 мың тонна түрлі деңгейдегі қалдық шығарылған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласынан шығарылған қалдықтардың жалпы көлемі 113 мың тоннаны құрады. Оның ішінде қазандықтары бар кәсіпорындардың үлесі -33,5% (64 мың тонна), автокөліктерге 32,5%-ы тиесілі (26 мың тонна) және жеке секторға - 29% қалдық тиесілі. Қалдықтарды шығару әсіресе жылу беру маусымы кезінде арта түседі. Осы орайда елімізде экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы аясында елордаға қатысты 13 іс-шара қарастырылған, оның алтауы орындалды», - деді З. Жолдасов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының сөзіне сенсек, бүгінде Нұр-Сұлтандағы ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-де 4 қазандық табиғи газға ауыстырылды. Және жыл соңына дейін тағы 12 қазандық көгілдір отынға ауысады екен.

«Ауа ластануының тағы бір ірі көзі жеке секторды пешпен жылыту. Яғни көмір жағу. Бүгінде елорданы газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Елордада 30 мың жеке тұрғын үй бар, оның 5 мыңын газбен қамту мүмкіндігі бар, соның бүгінде 450-і ғана газға қосылған. Елордада газдандыру 2023 жылдың соңында аяқталады», - дейді ол.

Оның сөзінше, бүгінде елорда іргесіндегі Железнодорожный, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс (Юго-Восток) тұрғын үй алаптарын газдандыру жұмысы жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар