Елордада жылу энергиясының тапшылығы туындауы ықтимал – Нұрлан Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жылу энергиясының тапшылығы орын алуы ықтимал. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Ноғаев отырыс барысында жылыту маусымына дайындыққа жүргізілген талдауға орай ағымдағы жылыту маусымын өткізуде ерекше назар аударатын бірқатар өңірлер анықталғанын атап өтті.

«БатысҚазЭЖТК» өңірлік электр желілік компаниясының электр желілерінің техникалық жағдайына ерекше көңіл бөлу қажет. Кәсіпорынды қаржыландыру проблемалары Батыс Қазақстан облысының электр желілерін толық көлемде жөндеуге, жаңғыртуға және реконструкциялауға мүмкіндік бермейді, желілер тозған. Электр желілерін сенімді басқаруға алған компания міндеттемелерін іс жүзінде қажетті деңгейде орындамай отыр», - деді министр.

Сонымен қатар ол Қарағанды облысы Шет ауданының тұтынушыларына электр энергиясын беруді және таратуды жүзеге асыратын «Шет Энерго» серіктестігі қызметіне қатысты Энергетика министрлігіне тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түскенін айтты.

«Шет Энерго» серіктестігін тексеру нәтижелері бойынша, электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын электр желілерін пайдалану және олардың техникалық жағдайы бөлігінде заңбұзушылық анықталды. Бұған қоса, серіктестік энергия беруші ұйымдарға қойылатын заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты, тексеріс материалдары құзыреті бойынша шаралар қабылдау үшін Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облыстық департаментіне және Қарағанды облысының прокуратурасына жолданды», - деді министр.

Нұрлан Ноғаев соңғы бірнеше жыл қатарынан қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайына байланысты «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының 2-ші жылу электр орталығының қазандықтары апаттық жағдайда жиі ажыратылып отырғанына, соның салдарынан Теміртау қаласының тұрғындарын жылумен жабдықтау кестесі бұзылғанына назар аудартты.

«Өткен жылыту маусымында осы 2-ші жылу электр орталығында температуралық режимді сақтамау бойынша 17 жағдай тіркелді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымында елорданың жылумен жабдықтау жүйесі жұмысының режимдік картасына талдау жүргізілген.

«Талдау қорытындысы жылу энергиясының тапшылығын жабу үшін 2020 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған №8 қазандық агрегаты және 2-ші жылу электр орталығы №6 станса турбинасын пайдалануға беру қажет екенін көрсетті. Жоғарыда көрсетілген агрегаттар уақтылы пайдалануға берілмеген жағдайда, жылу энергиясының тапшылығы болуы ықтимал. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тұтынушыларды энергиямен сенімді және үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында 1-ші және 2-ші жылу электр орталықтарындағы 1-ші іске қосу кешендерін пайдалануға беруді жеделдету қажет деп санаймыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Сонымен қатар ол «Кентаусервис» кәсіпорны Кентау жылу электр орталығының жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға көңіл бөлу қажеттігін айтты.

«Орталықты жөндеу жұмыстарына жалпы 1 млрд 844 млн теңге жоспарланған болатын. Оның ішінде тек 479 млн теңге бөлінді. Бұл жөндеуге талап етілетін қаражаттың 26 пайызын ғана құрайды. Облыс әкімдігінің қажет қаражат бөлуіне назарын аударамыз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар