+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

Елордада «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

2021 жылғы 26 мамыр 14:28
Бөлісіңіз:
Елордада «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы кітапханасы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігі» (PAGE) атты БҰҰ бағдарламасымен бірлесіп «Жасыл экономика – Қазақстанның инновациялық және тұрақты дамуының парадигмасы» дөңгелек үстелін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұқсас жаңалықтар
Елордада 42 мың тоннадан астам қоқыс кәдеге жаратылды Синоптиктер Қазақстан қалаларындағы ауа сапасы туралы айтты Шығыс Қазақстанда экологияны жақсарту мақсатында 800-ден астам шара өтті

Іс-шараға Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы Ә.Назарбаева, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, БҰҰ PAGE директорлар кеңесінің мүшесі, UNITAR Планета бөлімінің директоры А.Маккей, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Абақанов, М.В. Ломоносов атындағы ММУ профессоры, Ресей экологиялық академиясының академигі С.Бобылев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Я.Бериш және қоршаған ортаны қорғау мен сақтау саласындағы басқа да белгілі қайраткерлер мен сарапшылар қатысты.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық департаменттері мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарның өкілдері, еліміздегі ЖОО экология және биология кафедраларының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттары мен докторанттары, Елбасы кітапханасының еріктілері бұл іс-шараға бейнеконференция арқылы қатысты.

Тәуелсіздік алғаннан бері Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамалары қоршаған ортаны жақсартуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге, табиғатқа деген қамқорлықты тәрбиелеуге бағытталған еді.

2007 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 62-сессиясында Н.Ә. Назарбаев жаһандық энергетикалық-экологиялық стратегияны құрып, мазмұнын БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік саммитінде талқылауды ұсынды.

2011 жылы БҰҰ сессиясында Елбасы аймақтағы жасыл экономиканы күшейтуге бағытталған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын ұсынды. Аталмыш бағдарлама тұрақты даму жөніндегі БҰҰ-ның «Рио+20» дүниежүзілік саммитінде «жасыл» экономикаға көшудің аймақаралық тетігі ретінде мақұлданды.

Қазақстанның көрнекті жобаларының бірі, «Болашақ энергиясы» атты «ЭКСПО-2017» көрмесі абыроймен жүзе асырылды. Бұл көрме елімізге энергияны үнемдейтін озық технологияларды, баламалы энергия көздерін пайдаланудың соңғы жетістіктерін тартуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев экономиканың басты бағыттарының бірі ретінде көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау деп белгілеп, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бастаған болатын. Көміртегінің жұтылуын арттырып, шөлейттенуді тежеу мақсатында бес жылдың ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш және елді мекендерге 15 миллион ағаш егу жөніндегі ауқымды жұмыс жүзеге асырылып жатыр.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық заңнама стандарттарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі күшіне енеді. Осылайша Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі «жасыл экономика» идеясын жүзеге асыра бастаған алғашқы мемлекет атанды.

– Биыл қазақстандықтар тарихи мәні зор ел Егемендігінің 30 жылдығын атап өтпек. Бұл – үлкен мерейтой. Оның арқасында біз жүріп өткен жолымыздың қорытындысын жасау мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Әлем табиғатты тіршіліктің қайнар көзі және біртұтас организм ретінде қабылдап үйренді. Сондықтан өмір сүру сапасын жақсартуда табиғат тепе-теңдігі мен экожүйелердің әлемдік тепе-теңдігі сақталуы тиіс. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында әлемдік энергетикалық қауіпсіздік пен табиғи ресурстардың сарқылуын ХХІ ғасырдағы сын-қатерлердің бірі екенін атап өтті. «Жасыл экономика» идеясын жалғастырып келе жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау ісіне зо көңіл бөледі. Өз сөзінде ол экономикалық өсімнің «жасылдана» түсуін қадағалау маңыздылығын әрдайым белгілейді, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

– Тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы Қазақстанның өмірінен орын алған экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанды жаңғыртудың әр стратегиясында елдің «жасыл» жолға көшуіне негізделген экономиканың орнықты да тиімді моделін құруға нақты бағдарлар айқындалды. Бүгінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Еуропа мен Азия елдерінің жетекші халықаралық ұйымдары мен зерттеу құрылымдарымен стратегиялық әріптестік қатынастарды орнатуда, сондай-ақ, жасыл технологияларды трансферттеу мен енгізуде, Қазақстан бизнесіне құйылған халықаралық жасыл инвестициялар ағынының тиімді тетіктерін ұйымдастыруда, қазақстандық көміртегі бірлігінің айналымын буланатын газдардың жалпы әлемдік нарығына белсенді интеграциялауда «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының қолданбалы жобаларымен айналысады, – деп атап өтті «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрағасы Әлия Назарбаева.

– Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдасының жүзеге асырыла бастағанынан сегіз жылдай уақыт өтті. Содан бері біз бірқатар нәтижелерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында елімізде жиынтық қуаты 1634,7 МВт болатын ЖЭК-тің 115 нысаны салынды. 115 ЖЭК нысанының электр энергиясын болжамды өндіруі шамамен 3,2 млрд кВтс немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 3%-ын құрайды. 2019 жылы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33,1%-ға төмендеді, белгіленген индикаторға 2025 жылға дейін қол жеткізілді. Қайта өңделген және кәдеге жаратылған өндіріс қалдықтарының үлесі 2020 жылы 36%-ды, ҚТҚ-18%-ды құрады, ел тұрғындарының 81%-ы қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қамтамасыз етілді. 2020 жылғы желтоқсанда «Климаттық амбициялар саммитінде» Мемлекет басшысы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейтінін мәлімдеді. Былтыр біз Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Бүгінде Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру өзекті болып отыр. 2021-2030 жылдарға жоспарланған екінші кезең суды тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуға, оны кеңінен енгізуді ынталандыруға бағытталған ұлттық экономиканы қайта құру шараларын қамтиды, – деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Күні кеше ғана, 22 мамырда Елбасы қазақстандықтарды мүмкіндігінше көбірек көшет егуге шақырды.

«Егер адамдардың бәрі ауласына тал ексе, қалалар мен ауылдарда жыл сайын ағаш отырғызылса, біз «жасыл» елге айналамыз. Жасыл желек – елді мекендердің «өкпесі», таза ауа, жанға сая. Біз оны болашақ ұрпақ үшін өсіреміз...», – дейді Н.Ә. Назарбаев.

Бұл үндеуді қолдаған дөңгелек үстелдің қатысушылары Елбасы кітапханасы жанындағы саябаққа ағаш отырғызды.

Жиырма жылдың ішінде бас қаланың айналасын нағыз орман қоршап үлгерді. Бүгінде оның қойнауында 9,6 миллионнан астам ағаш пен 1,8 миллионға жуық бұта өседі. Орманды алқап біртіндеп кеңею арқылы Бурабай-Щучинск курорт аймағынан өтіп, кейін Павлодар, Қарағанды ​​және Қостанай ормандарына қосылуы тиіс.

Биылдың өзінде миллионнан астам жасыл желек отырғызылмақ. Бұл шешімнің қаланы желден қорғап, қолайлы климат құруға бағытталған «жасыл белдеуді» нығайтатыны анық.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT