Елордада Ұлттық ұлан сарбаздары отқа оранған үйден үш газ баллонын алып шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Ұлттық ұлан сарбаздары отқа оранған үйдің ішінен үш газ баллонын алып шықты. Бұл туралы Ұлттық ұлан баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі болғандай, 6 наурыз күні кешқұрым Ұлттық ұлан патрулі көшеде жанұшыра көмек сұраған әйелдің дауысын естіп қалады. Аталған әйел тұрған жерге барған кезде, олар Балқантау көшесі бойында тұрған үйдің өртеніп жатқанын көреді. Әскери қызметшілер шұғыл түрде 101 пультіне хабар беріп, өртті сөндіруге кіріскен. Бес минуттан кейін оқиға орнына әскери нарядтар бойынша кезекші капитан Жеңіс Құрамысов келіп, қызметтестерімен бірге үйден үш газ баллонын алып шықты.

Жарты сағаттан кейін өрт сөндіру экипажы келіп, әскери қызметшілердің бірлескен әрекетімен қызыл жалын ауыздықталды.

«Сарбаздардың батыл іс-қимылдары үшін үй иесі алғыс айтты. Жақын арада Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің командирі аталған әскери қызметшілерді ынталандыру шараларын ұйымдастырады деп күтілуде», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар