Елордада украиндықтар Украин президентін сайлауға қатысуда

None
None
АСТАНА. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Украина Елшілігінде аталған мемлекетте басталған Президент сайлауына кандидаттарға дауыс беру басталды. Қазақстандағы уқраиндықтардың сайлауға қатысуы үшін Астана және Алматы қалаларында сайлау учаскелері ашылған.

Елордалық №38 уаскеде ең бірінші дауыс берген Украинаның еліміздегі елшісі Николай Селивонның айтуынша, бүгінгі сайлау жұмысына ауа-райы біршама кедергі келтірген. Мәселен, Қарағанды, Жезқазған, Петропавл, Павлодар қаласынан хабарласып, сайлауға қатыса алмайтындықтары үшін кешірім сұраған украиндықтар 2-ші кезеңге міндетті түрде келетіндіктерін жеткізген. «Жалпы айтқанда біздің сайлаушылар өте белсенді. Мәселен, сағат 8:10-да Өскеменнен келген украин азаматы дауыс берді. Ол «біз міндетті түрде, Украинаны алға сүйрейтін президентті сайлауымыз керек деген пікірін жеткізді», дейді Елші.

«Біздің сайлау учаскемізде Астана қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында тұратын украиндықтар дауыс береді. Жалпы тіркелген дауыс беруші саны 513, ал Астана қаласынан 171 адам», дейді сайлау учаскесінің төрағасы Валентина Гайдукевич.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 30-дан астам азамат өз дауыстарын беріп үлгерген.

«Қазақстанда қанша украиндық дауыс беретінін нақты айту өте қиын. Себебі, біздің сайлау учаскемізде дауыс беретін көптеген азаматтар елордадан өте қашықта тұрады. Ауа-райының нашарлауына, бірқатар жолдардың жабылуына байланысты көптеген сайлаушылар келе алмай отыр. Дегенмен Қарағанды мен Өскеменнен арнайы келіп дауыс берген азаматтар болды», дейді Валентина Гайдукевич

Жалпы «Президенттік сайлау туралы» Украин Заңына сәйкес ел аумағынан тыс жүрген азаматтар да дауыс бере алады. Мәселен, елімізде жұмыс сапарымен жүрген бірнеше азамат бүгін елшілікке келіп өз дауысын берген. Ол үшін азамат елшілікке келіп, төлқұжатын көрсету арқылы сайлауға қатысуға өтініш білдіреді. Өтінішті қараған комиссия шешім шығарады.

Елімізге жұмыс сапарымен келген сондай Украин азаматтарының бірі, «Қазкомпрессормаш» Қазақстан-Украин бірлескен кәсіпорынының қаржы жөніндегі директоры Александр Лавренко елшілікке келіп дауыс берді. «Жұмысты алдын ала жоспарламайсың. Жаңа жыл басталғаннан кейін бұндағы жұмыстардың 2010 жылғы жоспарларын түзу қажет болып, елордаға келдім. Өз үйіңдегі сияқты бұл жерде де дауыс беруіңе болады. Украин елшілігі дауыс берушіге барлық жағдай жасаған. Жалпы елшілік біздің кәсіпорынның жұмысына да көмек көрсетіп тұрады. Іссапармен елордаға келетінімді білгенде міндетті түрде елшілікке келіп дауыс беремін деп шештім», деді ол.

Сайлау учаскесі кешкі сағат 20:00-да жабылып, комиссия мүшелері дауыс сандарын санауға кіріседі.

Айта кетейік, Президент лауазымына 18 үміткер дауысқа түсуде - Аймақтар партиясының басшысы Виктор Янукович, Украина премьер-министрі Юлия Тимошенко, елдің қазіргі президенті Виктор Ющенко, кәсіпкер Сергей Тигипко, социалистер көшбасшысы Александр Мороз, Жоғарғы Рада спикері Владимир Литвин, адвокат Олег Рябоконь, бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Гриценко, парламенттің бұрынғы спикері Арсений Яценюк, Компартия басшысы Петр Симоненко, депутат Инна Богословская, ұлтшыл «Еркіндік» партиясының басшысы Олег Тягныбок, Украин халықтық партиясының басшысы Юрий Костенко, «Халықтық құтқару армиясы» қоғамдық қозғалысының көшбасшысы Александр Пабат, Еркін демократтар партиясының басшысы Михаил Бродский, Халықтық-демократиялық партияның басшысы Людмила Супрун, Ужгород мэрі Сергей Ратушняк және кәсіпкер Василий Протывсих.

Дауыс беру тізіміне шамамен Украинаның 36,577 миллион азаматы енгізілген. Сауалдамаға сәйкес сайлауға 90 пайызға украиндық қатыспақ. Респонденттердің 6,9 пайызы ғана сайлау учаскелеріне бармайтынын білдірді.

Сайлауға халықаралық ұйымдардан, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымынан (ЕҚЫҰ) және ТМД Парламентаралық ассамблеясынан 270-ке жуық байқаушы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар