Елордада Түркияның 95 жылдығына орай салтанатты қабылдау өткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның 95  жылдығына орай Астанада Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі салтанатты қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын Түркияда Республика күні 29 қазанда аталып өтеді. Республиканың 95 жылдығына орай Түркия елшілігі меймандарға арнайы қабылдау өткізді. Салтанатты іс-шараға еліміздің лауазымды тұлғалары мен қоғам қайраткерлері, Қазақстандағы шетелдік елшіліктердің өкілдері қатысты.

Жиында Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның хатын оқып берді.

«Еліміздің тұрғындарын жəне шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан отандастарымызды, бұл күнді бізбен бірге мақтаныш ететін барша достарымызды 29 қазанда аталып өтетін Республика күнімен құттықтаймын. Республикамыздың 95 жылдығы аталып өтіп жатқан осы күні Азаттық соғысында бізді жеңіске жеткізіп, жаңа мемлекет құру жолында күрескен Мұстафа Кемал Ататүріктен бастап барша қаһармандарымызды ризашылықпен жəне құрметпен еске аламын», - делінген Түркия президентінің хатында.

Невзат Уянык өз сөзінде қуанышты бөлісуге келіп отырған барлық мейманға алғысын білдірді.

Өз кезегінде кеште қонақ болған ҚР Инвестициялар жəне даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан халқы мен Үкіметі атынан бауырлас елдің мерейлі күнімен құттықтады.

«Біздің дипломатиялық қатынасымыздың орнағанына 30 жылға таяп қалды. Бауырлас Түркияның біздің Тəуелсіздігімізді бірінші болып танығаны əрқашан Қазақстан халқының есінде. Қазақстан менТүркия арасындағы стратегиялық əріптестік, рухани достық нығайып келеді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Салтанатты қабылдаудың соңы мерекелік сипатта өрбіп, өнер иелері меймандарға əннен шашу шашты.

Соңғы жаңалықтар