Елордада түрік шайын таныстыру шарасы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен 28 ақпан күні «Түрік шайын таныту» шарасын өткізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы түрік шайына қатысты бірқатар деректер ұсынады.

«Шай Анадолыға 16 ғасырдан бастап Қытайдан Жібек жолы арқылы тарала бастаған. Османлы мемлекетіне 16 ғасырда шипалы сусын ретінде әкелінген шай туралы 1731 жылы парсы тіліндегі «Рисале-и чай» атты еңбекте баяндалған. Батумиге жұмысшы ретінде барып келіп жүрген Ризе және Артвин халқы қайтқанда шай бұтақтарын әкеліп оны бақшаларына еге бастаған. Бұтағының бойының 0,5 метрден аспауы әу баста көп ешкімнің назарын аудара қоймады. Шай бұтақтарын әкелген жұмысшылар оны алдымен өздерінің бақшаларында, кейіннен егіс алқаптарында өсіре бастады. Шайдың кейіннен ормандық алқаптар мен қырларда да өздігінен өсетіні анықталды. Османлы мемлекетінің құзырлы мекемелері шайдың зияны жоқ екені анықталғаннан кейін өндірісіне де рұқсат берген. Шай Танзимат дәуірінде таңғы аста 19 ғасырдан бастап өз орнын ала бастаған. Түркия Республикасы құрылғаннан кейінгі жылдары Ризе мен Трабзон облыстарында шай өсіру енді кешенді түрде экономиканың бір саласына айнала бастады. Ең ірі шай өндіру фабрикасының негізі Ризеде 1946 жылы қаланып, 1947 жылы шай тауар ретінде айналымға шықты», деп жазады баспасөз қызметі.

Мәліметке қарағанда, қазіргі күні шай - әлемдегі судан кейін ең танымал және көп қолданылатын сусын түрі ретінде түрік асханасының және мәдениетінің де ажырамайтын бөлшегіне айналған. Түркия әлем бойынша шай өндіріуде төртінші, ал тұтынуда алғашқы (кісі басына 3,5 кг) орынды иеленеді. Сондай-ақ қазіргі күні Түркияда шамамен 1 миллион адам шай өндірісі нарығында еңбек етеді.

Сонымен қатар, түрік шайының ерекшеліктері, оның халық өміріндегі орны туралы ақпарат берілген.

«Шай - адамдар арасындағы әңгіменің көрігін қыздырып, қарым–қатынасты өрбітуге септігін тигізетін дәнекер. 28 ақпанда Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы түрік шайын ішуге, симит, сондай –ақ түрік ірімшігінің дәмін татуға шақырады», - делінген баспасөз баянында.


Соңғы жаңалықтар