Елордада тіркелген қылмыстардың саны 30 пайызға қысқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Полиция департаментінде өткен жылдың қорытындысы жарияланды. Жалпы, 2020 жылы қабылданған шаралардың арқасында қылмыстар 30 пайызға төмендеген. Ұрлық 54 пайызға, ал тонау фактілері 56 пайызға кеміді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамдық орындарда, көшелерде, алкогольдік ішімдікке масайған күйде, сондай-ақ кәмелетке толмағандар тарапынан қылмыстар аз жасалған. Барлық бағыттар бойынша қылмыстың бетін ашу жақсарған», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Жол-көлік оқиғалары 17,2 пайызға, оның салдарынан зардап шеккендер 24,9 пайызға, қаза болғандар 13,9 пайызға кеміді. Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 988 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.

«Қоғамға төндіретін қаупін ескере отырып, есірткі тарату арналары мен синтетикалық есірткіні дайындайтын жасырын орындарды анықтауға ерекше екпін қойылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға қала тұрғындары көмектерін көрсетіп келеді. Олардың ақпараты бойынша 109 жарнама сайты бұғатталды», - деп аталып өтті департамент хабарламасында.

Сонымен қатар полиция карантиндік талаптардың орындалуына қатысты тиісті жұмыстарды атқарды. 2020 жылы мониторингтік мобильдік топтар санитарлық нормаларды бұзудың 2,5 мыңнан астам фактісін анықтады.


Соңғы жаңалықтар