Елордада суға түсу маусымына дайындық қалай жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымнан басталады. Биыл елордада суға түсетін қосымша 10 орын ашылады. ҚазАқпарат тілшісі суға түсу кезеңінін дайындығын көріп қайтты.

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордада тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша халық шомылатын 23 орын анықталды, оның ішінде 3-уіне рұқсат етілген (орталық жағажай, «Үш мөңке» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары), 20 орын – тыйым салынған жерлер. Биыл 10 учаскеде қалалық тегін жағажайлар (Алматы-3, Байқоңыр-1, Есіл-3, Сарыарқа-3) қосымша ашуды қарастыру ұсынылады.


«Суға шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда ашылады. Суға шомылу кезеңіне дайындықты күшейтіп жатырмыз. Соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 43 адам суға кетіп, қайтыс болған. Оның әрбір үшіншісі – 9-15 жас аралығындағы бала. Соңғы үш жылда 50 адамды суға кетіп қалудан сақтап қалдық, оның ішінде 14-і – бала. Қазір қалалық әкімдікпен бірлесіп суға түсетін жерлердің бәрін тексеріп, қарап шықтық. Қала көлемінде суға түсетін 23 жер бар, оның 3-еуі суға түсуге рұқсат берілген жер болса, 20-сы рұқсат берілмеген жер. Биыл қала әкіміне ұсыныс жасап, суға түсуге болатын 3 жеке меншік жерге қосымша 10 орын ашуды жоспарлап отырмын. Қалалық әкімдікке бағынатын азаматтық қорғанысты қамтамасыз ететін орталық бар. Сол жердің мамандарын өзіміздің жедел құтқару жасағында дайындықтан өткізіп, жаңадан ашылатын қалалық 10 суға түсу орындарында құтқарушы ретінде қолданамыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар комитетінің бастығы, полковник Бауыржан Сыздықов.


Оның айтуынша, қазіргі таңда құтқарушылар, аудандық әкімдік мамандары сол орындарды дайындау үстінде.

«Статистикаға сүйенсек, суға кеткендердің 80% – мас күйінше суға түскендер. Одан кейін ата-ана қарауынсыз қалған балалар бар. Қазақта «Сырын білмесең – суға түспе» деген сөз бар. Қыр-сырын білмейтін су көздеріне барып, батып кететіндер бар. Осыған назар аудару керек. Ыстық күндері жағажайда демалушылардың саны 1000 адамға дейін болады. Сондықтан судағы қауіпсіз демалыс өзін-өзі дұрыс ұстау және азаматтардың «судағы қауіпсіздік ережелерін» орындауына байланысты», - дейді ол.

Жыл сайын рұқсат етілмеген шомылу орындары санының ұлғаю үрдісі байқалады. Бұған рұқсат етілген қалалық жағажайлардың саны мен қашықтығының жеткіліксіздігі, қала акваториясы бойындағы жаңа тұрғын үй алаптары мен көп қабатты үйлердің құрылысы, сондай-ақ халық санының артуы себеп болуда.


«Құтқарушы болып жүргеніме 6 жыл болды. Осы уақытқа дейін шамамен оннан астам адамды суға батудан құтқарып қалдым. Көбіне 14-16 жас аралығындағы балаларды құтқардым. Көбі техникалық қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан суға батады. Бала кезімде өзім де суға бата жаздағанмын, бұл оқиға менің осы салаға келуіме себеп болды. Күн сайын суда жүзу, альпинизм, жүгіру, секіру сияқты жаттығу түрлерін жасаймыз», - дейді құтқарушы Абылайхан Өмірбаев.

Сонымен қатар, 9 мамырдан бастап қала аумағында қала әкімдігімен бірлесіп тыйым салу белгілері мен ақпараттық стендтер, шомылу орындарының түбін тексеру, демалыс аймақтары мен қалалық жағажайлардың иелеріне ақпараттық хаттарды тапсыру жүргізіледі. Есіл өзенінде барлығы 90 тыйым салатын белгі, 20 ақпараттық стенд, 20 жүзгіш қалтқы орнатылады. Суға шомылу кезеңінде күнделікті патрульдеуге жеке құрамның 20 адамы, 14 қайық пен 1 су гидроциклі, сондай-ақ қоғамдық құтқарушылар қатарынан 30 адам және қала әкімдігінің Азаматтық қорғаныс орталығын қамтамасыз ету орталығынан 15 адам қатысады.


«Біз әрдайым қауіпсіздік ережелерін сақтап жүреміз. Табиғат аясына шыққан адамдар спирттік ішімдік ішіп, суға шомылуға тыйым салынған жерлерге суға түседі. Осындай ережелерді сақтамағандықтан суға бату оқиғалары болады. Ата-анасының қарауынсыз қалған балалар да суға батып кетеді. Мысалы, 2018 жылы көктемде 2 жасар бала суға батып бара жатқанын көріп, жүгіріп бардым. Ол мұз еріп жатқан кез еді. Баланы судан шығарып, алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық», - дейді құтқарушы Данай Жалғас.

Сонымен қатар, департамент қызметкерлері елорда тұрғындары мен қонақтарымен судағы қауіпсіздік ережелері туралы алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бейтаныс жерлерде, мас күйде суға жүзуге болмайтынын ескертеді.


Соңғы жаңалықтар