Елордада суға батып бара жатқан бала құтқарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық құтқарушылар суға батып бара жатқан баланы аман алып қалды. ҚазАқпарат бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бүгін Қызылсуат кентінің аумағындағы Қарасу өзенінде кезекшілікті атқару барысында Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жағалауда ер адам мен екі баланы байқаған. Бұл жерде шомылуға заңды түрде рұқсат етілмегені, оның үстіне суға кіретін жері тік әрі терең болғандықтан, өте қауіпті екені ер адамға ескертілген. Сондай-ақ қайғылы оқиғаны болдырмас үшін ол жерден кету қажеттігі айтылды. Өкінішке қарай, ол құтқарушылардың ескертпесіне құлақ аспаған», - деді ТЖД-дан.

Мәлім етілгендей, ер адам бір баланы қолына көтеріп, екіншісін жанына ертіп, суға кірген. Бір мезетте 11 жастағы бала шұңқырға түсіп кетіп, бата бастаған.

«Елорданың шұғыл-құтқару жасағының құтқарушылары Арман Құлтаев пен Жалғас Данай батып бара жатқан баланы көріп, суға секірген. Олар баланы аман алып қалды. Ұлдың денсаулығы қанағаттанарлық, медициналық көмекті қажет етпейді», - деді ведомстводан.


Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді:

1. Суға түсуге арналмаған және тыйым салынған жерлерде шомылмаңыз.

2. Су айдынында балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Бұл, олардың өмірі үшін қауіпті!

3. Алкогольді мас күйде суға түспеңіз.

4. Шағын көлемді қайықтарға мінгенде құтқару кеудешесін қиіңіз.

5. Өзіңіз бен жақындарыңызды қауіпке ұшыратпаңыз!

6. Суда қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!


Соңғы жаңалықтар