Елордада су тасуы мүмкін учаскелер аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елордадағы су тасуы мүмкін учаскелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бәріміз де Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымыз. Биыл қалаға қардың қалай жауғанын көріп отырмыз. Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек қар әдеттегі қалыптан екі жарым есе артық түскен. Қазіргі таңда көшелер мен тұрғын үй ауласындағы қарды сыртқа шығару жұмысы қызу жүріп жатыр. Қаладағы әрбір тұрғын қар шығару жұмысының белсенді түрде жүргізілгенін қалайды. Көктем келіп қалды», - деді Юрий Ильин Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің орынбасары әкімдіктің осы мәселеге қатысты болжам жасағанын да айтып өтті.

«Көшелердің жартысын бұрын да су алып кеткен. Әкімдік қазір күрделі болжам жасап отыр. Өзеннің төменгі бөлігінде, қала сыртындағы саяжай учаскелерін су алуы ықтимал. Сонымен қатар кәріз жүйесіндегі мәселені шеше алмай жатқан Б.Момышұлы көшесінде, Тұран даңғылы бойында қауіп бар. Әлбетте ТЖК тарапынан қиындықтарды еңсеруге барлық күш жұмылдырылады», - деді ол.

Юрий Ильиннің айтуынша, Су ресурстары бойынша комитет Нұра өзені бағытындағы контрегулятордан қашыртқы арна құрылысының жобасын ұсынған.

«Нұр-Сұлтандағы учаскелер айқындалды. Әкімдік әзірге су тасуы мүмкін аумақта тұратын халыққа түсіндіру жұмысын барынша жүргізуде. Қажет болған жағдайда эвакуация жасаймыз», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар