Елордада сот жүйесіндегі кадрлық саясат талқыланып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ҚР Жоғары сот кеңесінің ұйымдастыруымен «Сот жүйесіндегі кадрлық саясаттың болашағы» деп аталатын халықаралық дөңгелек үстел өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева заң үстемдігін қамтамасыз ету Ұлт жоспарында белгіленген ел дамуының басты басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Сондықтан сот саласында жүргізіліп отырған реформа бірінші кезекте кадр мәселесіне және оның нәтижесінде судьяларды іріктеу мен соттардағы тиісті лауазымдарға тағайындауға байланысты сот жүйесін жетілдіру тетіктеріне басты назар аударылғандығын айтты.

«Осы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысының бастамасымен судья кадрларын сапалы жаңартуға бағытталған заңдар қабылданды. Қол қойылған сәттен бастап заңды Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы сот белсенді түрде іске асыруда. Осыған байланысты шет елдердің тәжірибелерін зерттеу және талдау, тәжірибе алмасу, судья жұмысына барлық талаптарға жауап беретін мамандарды іріктеу жүйесін одан ары жаңғырту бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі дөңгелек үстелдің құндылығы маңызды», - деді Әлия Рақышева.

ҚР Жоғарғы соты, ҚР Әділет министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасының кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған бас қосуға отандық және шетелдік сарапшылар, бірқатар мемлекеттік органның, сот қоғамдастығының өкілдері, Парламент депутаттары қатысып отыр. Шараның мақсаты – сот кадрларын іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесін үздік халықаралық тәжірибелер мен ЕҚЫҰ стандарттар негізінде жаңа әдістемелермен талқылау.

Соңғы жаңалықтар