Елордада соңғы қоңырау салтанаты онлайн өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада соңғы қоңырау салтанаты қалай өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«25 мамырда 1-10 сыныптарда онлайн-соңғы қоңырау шарасы, 3 маусымда мектеп бітіруші түлектерге аттестат табыстау рәсімі мектеп ауласында өткізіледі. Ал балабақшалар қазіргідей «кезекші топ» режимінде жұмысын жалғастырады» деп хабарлайды білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

25 мамыр сағат 11-де телеарналар арқылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды.

Сонымен қатар, сол күні барлық мектептерде мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі.

Аталмыш шара еркін кесте бойынша өтеді. Биыл мектеп бітіру іс-шарасы ҚР БҒМ нұсқаулығы бойынша «Birgemiz: ТҮЛЕК-2020» ұранымен өтеді.

3 маусым күні барлық мектептерде 11 сынып түлектері үшін аттестаттар мен «Алтын белгіні» тапсыру рәсімі өткізіледі. Іс-шара мектеп аумағында, ашық аспан астында ұйымдастырылады. Мектеп бітірушілердің мектеп формасымен қатысуы қатаң түрде ескертіледі.

Салтанатты рәсімнен кейін «Түлектер аллеясында» ағаш отырғызу жоспарланған. Бітіру іс-шараларын өткізу күндері мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылыққа жол бермеу, санитарлық және эпидемияға қарсы режимді қатаң сақтау шаралары жүктелді.

18 мамырдан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдар санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, өз жұмысын бірінші кезекте баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін ата-аналар үшін «кезекші топ» режимінде қайта бастады.

Елордада 55 708 бала бар. Түрлі типтегі 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар