Елордада соғыс ардагерлеріне азық-түлік себеттері таратылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында 9 мамыр Жеңіс күні мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлеріне азық-түлік себеттері табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсет акциясы қала әкімдігінің бастамасымен, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы, «Астана жастары» мемлекеттік мекемесі және ҚР Қарулы Күштер әскери-патриоттық орталығы ұйымдастыруымен өтті.

«Сіздерге рахмет! Баршаңызды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз мықты болсын. Мен оқып жүргенімде әскерге шақырып, артынша қысқамерзімді кустан өттік. Мәскеуде 1,5 ай оқып, сержант атағын алып шықтым. Соғыс басталғанда мені екінші Украин фортына жіберді, одан әрі мен Будапештке дейін жеттім. Соғыс біткен соң, елге оралдық, көп ұзамай Хрущев баршаны тың игеруге шақырды», - деді ҰОС ардагері, астаналық Раиса Сафоничева.

96 жасар соғыс ардагері бүгінде елордадағы қарттар үйінің қарауында.

«Бүгін бізді қабылдай алатын ардагерлердің үйлеріне келіп, құттықтап жатырмыз. Пандемия байланысты ардагерлердің санын қысқарттық. Тізім бойынша бір ардагеріміз үйінде болмай шықты, сый-сыяпатымызды жақындарына қалдырдық. Біздің акцияның мақсаты соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету және мереке қарсаңында оларды назардан тыс қалдырмау», - деді республикалық «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев.

Оның айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтанда 25 ҰОС ардагері бар, оның ішінде 15 ардагерді аталған акция аясында жеке барып құттықтау сәті бұйырды.


Соңғы жаңалықтар