Елордада шаштараз бен дүкендер қалай жұмыс істеп жатыр - фоторепортаж

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 4 мамырдан бастап еліміздің барлық өңірінде бірқатар кәсіпкерлік субъектінің жұмысы жандана бастады. ҚазАқпарат тілшісі елордадағы киім-кешек дүкені, шаштараз және гүл сататын орындардың жұмыс күні қалай өтіп жатқанын біліп қайтты.

Киім-кешек

«Cotton» киім-кешек дүкені наурыз айының 20-сы күні карантинге жабылып, бүгін ашылды.

«Киім-кешек дүкендері 4 мамырда ашылатынын екі күн бұрын естідік. Кеше дүкеннің ішін жинадық. Биыл карантинге байланысты жаңа маусымның тауарлары келе алмай қалған, енді біртіндеп келе бастайды», - дейді «Cotton» киім және аяқ киімдер дүкендер желісінің әкімшісі Гүлжанат Қамбарова.


Оның айтуынша, карантиннен кейін аяқ киім, футболкалар жақсы өтіп жатыр.

«Елорда бойынша Cotton-ның 40-қа жуық бөлімшесі бар. Таңғы 09:00-ден бастап кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істеп жатырмыз. Карантинге дейін екі ауысымда, түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейтінбіз. Қазіргі уақытта бір ауысымда 8 адам жұмыс істеп жатырмыз. Дүкеннің кіреберісіне медициналық маскасыз кіруге болмайтыны туралы жазып қойдық. Есіктің қасында және кассада антисептик бар. Осы жердегі сатушылар да медициналық маска мен қолғап киіп жүр», - дейді ол.


Гүлдер

«Гүлдер» деп аталатын гүл сататын орындардың бірі бүгін жұмыс істеуге дайындық жұмыстарын бастап кеткен.

«Бұл жерді жалға алып отырғаныма 1 жылдай болып қалды. Жаңа гүлдер ертең келеді деп күтіп отырмын. Әзірге карантинге дейінгі бөлме гүлдері ғана тұр. Карантин кезінде күніне 20 шақты гүл өліп қалатын. Жайқалып тұрған бөлме гүлдері уақыт өте келе шіри бастады», - дейді гүл сататын орынды жалға алушы Гүлнұр Сейтқожина.


«Балама ай сайын 9600 теңге алимент аламын, сол үшін маған 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілмеді. Бұл жерді жалға беруші карантин уақытында ақша алған жоқ. Ол біз үшін үлкен көмек болды. Ал гүл сатып алушыларға қатысты айтар болсам, олар әзірге гүл бар-жоғын білу үшін маған хабарласып сұрайды. Антисептік бар және келген адамдар оны қолдануы керек», - дейді ол.


AsNur гүл сату дүңгіршегінің сатушысы карантин жарияланар кезде барлық гүлді сатып жібергенін айтты.


«Карантин режимі жарияланғаннан кейін бірден жабылып, бүгін қайта ашылдық. Карантин жарияланған кейін екі-үш күн үйге жеткізіп беру қызметін көрсетіп, гүлдерді түгел өткізіп жібердік», - деді AsNur гүл сату дүңгіршегінің сатушысы Айдос Әбдіхалықов.


Ол бүгін екі адам гүл сатып алғаны туралы айтты.

«Екі адамның бірі гүлді туған күн иесі үшін, екіншісі өмірге сәби әкелген келіншегіне алды. Дүңгіршек күн сайын хлормен жуылады. Кіреберіске антисептик қойдық, кірген адам онымен қолын тазалауға міндетті», - дейді ол.


Шаштараз

«Махаббат» сән салонының иесі егде жаста болғандықтан, карантин режимін қатты сақтағанын айтты.

«Біз наурыздың 18-інен бастап жабылып, шаштараздар туған жерлеріне қайтты. Бүгін жұмысқа шығуға рұқсат берген соң қуана шығып отырмыз. Әзірге бір әмбебап және бір әйелдердің шашын қиятын шаштараз жұмыс істеп жатыр, себебі жұмыс істеген кезде 1,5 метр ара қашықтық сақталуы керек. Маникюр жасайтын шебер де бар, бірақ оларға жұмысқа шығуға әзірге рұқсат жоқ», - дейді «Махаббат» сұлулық салонының иесі Әлия Мұқажанова.


Карантин кезінде сән салонында жұмыс істеген адамдар 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алған.

«Бұл жерде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Егер шашын қидыруға келген адамда медициналық маска мен қолғап болмаса – оны өзіміз береміз. Арасында кварц қосамыз. Шаш қидыратын адам алдын ала хабарласып, жазылып қояды. Осы уақытқа дейін төрт адам келді. Сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейміз. Бұл жерде бір-бірін күтіп отыруға болмайды. Өзім де егде жастағы адам болғандықтан сақтық шараларын қатты қадағалаймын. Бұл орынды жалға беруші бізден үш ай бойы жалға беру ақысын алмайды, бұл біз үшін үлкен көмек», - дейді ол.


Еске сала кетсек, бүгіннен бастап барлық өңірлерде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілді: аумағы 500 ш. м. дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін (барлық түрлері); фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер; шаштараздар (жазылу бойынша); медицина орталықтары (жазылу бойынша); стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша); жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары.



Соңғы жаңалықтар