Елордада «Шапағат» базарында карантин талаптарының бұзылғаны анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада карантин талаптарын сақтау үшін құрылған мобильді топ «Шапағат» базарына тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мобильді топ Нұр-Сұлтанның барлық аудандарында құрылған, оның құрамында әкімдік, жергілікті полиция қызметі және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау басқармасының өкілдері халық көп жиналатын орындарға тұрақты түрде тексеру жүрігізіп тұрады.

Байқоңыр ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау басқармасының бөлім басшысы Асыл Сералының айтуынша, жабық базарлардың жұмысына бірнеше талап қойылады. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысымен, жабық азық-түлік және өзге де базарлар жұмыс күндері сағат 10:00-17:00 аралығында ғана жұмыс істеуі тиіс.

Демалыс күндері бұл базарлар жабылып, тек таза ауадағы жәрмеңкелердің жұмысына рұқсат берілген. Сауда ойын-сауық орталықтары да күнделікті 10:00-22:00 аралығында жұмыс істеп, демалыс күндері жабылуы тиіс.


«Жабық базарлардың кіреберісінде дене қызуын өлшейтін қызметкер тұруы қажет, олар дене қызуы жоғары адамды кіргізбеуі керек. Сол жерде келушілерге қолжетімді санитайзер тұруы қажет, мұндай санитайзерлер әрбір 50 метр сайын орнатылуы керек. Әрбір 2-3 сағат сайын арнайы ерітіндімен тазалануы тиіс. Сатушылар маска, қолғап тәрізді қорғаныс құралдарын пайдалануы қажет. Өзі мен келушілер үшін антисептик қоюы қажет. Әр клиенттен кейін қолын өңдеп, әр 2 сағат сайын жұмыс орнын дезинфекциялық ерітіндімен тазалауы тиіс. Келушілер де маска тағып, әлеуметтік ара қашықтық сақтауға міндетті», - деп түсіндірді Асыл Сералы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.


Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық заңнама талаптары мен гигиеналық нормативтердi бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 30 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне –1600 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантин режимін сақтамаған (Маска тақпау, қашықтық сақтамау, халықтың көп жиналуы және т.б.) жеке және заңды тұлғаларға 414 айыппұл салынған.


«Шапағат» базары бойынша да тексерушілер бірнеше олқылықты анықтады.

«Әлеуметтік қашықтық сақтау үшін еденге белгілер сызылмаған. Сатушылар мен келушілер маска тағу режимін бұзып отыр. Бір кіреберісте терометрия жүргізіліп жатқан жоқ. Санитайзерлер де 50 метр сайын орнатылып, халыққа қолжетімді болуы тиіс. Базардың бір залында санитайзер көрінбеді. Бұл олқылықтар бойынша Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 425-бабына сәйкес шара қабылдаймыз», - деді Асыл Сералы.

«Сатушыларға айыппұл салына ма?» деген сұраққа басқарма өкілі бірінші кезекте базар әкімшілігі жауапқа тартылатынын айтты.


«Мұнда базар әкімшілігі барлық жағдайды бақылауы қажет. Кіреберістегі, зал ішіндегі күзет қызметі ескерту жасап, халықтың топтасуына жол бермеуі керек. Қажет болса, сатушылармен барлық талапты сақтау бойынша инструктаж өткізуі керек», - деп түсіндірді А. Сералы.

Өз кезегінде базар әкімшілігі айтылған ескертулермен келіспейтінін, барлық талапты сақтауға тырысып жатқанын жеткізді.


«Барлық келушілерді тексеріп, маскамен ғана кіргізіп жатырмыз. Кей адамдардың маскасының иегіне түсіп кеткен, бірақ біз әр адамның маскасын түзеп жүре алмаймыз ғой. Кіреберістерде дезинфекциялық кілемшелер орнатылған. Әр 2 сағат сайын өңдеу жұмыстарын жүргіземіз. Тексерушілер 2-қабатқа көтерілген жоқ, онда бутиктер жұмыс істейді. Әр бутиктің алдында санитайзер тұр, 2-3 адамнан артық қызмет көрсетпейміз деген хабарлама ілінген. Еденге салынған белгілер адам көп жүргендіктен, өшіп кетеді. Бұл сынды ескереміз. Санитайзерлер де орнында тұр. Жалпы шолу жасағандықтан, тексерушілер көрмей қалуы да мүмкін. Талап етілген барлық қағиданы сақтауға тырысып жатырмыз. Иә, кейде адам толуы мүмкін, бірақ ол үшін айыппұл салу қажет деп есептемеймін. Ескерту берсе де, сол олқылықтарды түзетер едік», - дейді «Шапағат» базарының әкімшісі Сәуле Ыдырысова.

Сонымен бірге, әкімші базардың карантинде қандай шығынға ұшырағанын айтып берді.


«Әр сенбі-жексенбі сайын базарымыз жабылады. Жалға алушыларымыз бір жарым ай бойы үйінде отырды. Бұл аралық үшін олардан арендалық төлем алған жоқпыз. Бізде де осындай шығындар бар», - дейді Сәуле Ыдырысова.


Айта кетейік, 1 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері А. Шағалтаеваның карантин шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету туралы жаңа қаулысы жарияланды.


Соңғы жаңалықтар