Елордада «Сергек» камералары 800 мыңнан астам ереже бұзу фактілерін тіркеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада орнатылған «Сергек» камералары 800 мыңнан астам ереже бұзу фактілерін тіркеді. Бұл туралы елордалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Шөпеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апта сайын саптық бөлімшелер мен учаскелік инспекторлар «жаяу жүргінші» жедел-алдын алу шарасын жүргізеді, әсіресе апат болу қаупі жоғары орындарда жиі жүргізіледі. Мәселен, жыл басынан бері 14 мыңнан астам жаяу жүргінші тартылды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есеге артық. Барлық қабылданған шараларға қарамастан, жаяу жүргіншілердің тәртібіне қатысты мәселелер шешілмей келеді. Ереже бұзушылармен профилактикалық жұмыс негізінен тіркеу камераларының көмегімен жүргізіледі», - деді Елжан Шөпеков ПД брифингінде.

Оның айтуынша, қала бойынша 6 мыңнан астам «Сергек» камерасы орнатылған.

«Бұл камералар 800 мыңнан астам ереже бұзу фактілерін тіркеді, мысалы жылдамдық режимін бұзу – 406 мың, белгілердің талаптарын елемеу – 384 мың, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту бойынша – 914 оқиға анықталған. «Көркем телеком» компаниясы «жүк көлігінің жол жүру бөлігінде орналасуы» бұзушылығын анықтау үшін жаңа қосымша функция әзірледі және енгізді. Өздеріңіз білетіндей, жүк көлігін үшінші жолақта жүргізуге болмайды. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі фактор елорданың көше-жол желісінің жай-күйі мен дамуы болып қала береді», - деп атап өтті спикер.

Сонымен бірге, спикер жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық Полиция департаменті жалпы білім беретін және мектепке дейінгі оқу орындарына жақын көше-жол желісіне қосымша тексеру жүргізілгенін атап өтті. Бұл тексерумен 94 мектеп, 100 мектепке дейінгі мекеме және 11 қосымша білім беру мекемесі өтетін автожол учаскелері қамтылған. Тексеру нәтижесі бойынша әкімдіктің құзыретті мемлекеттік мекемелеріне 152 ұйғарым берілген.


Соңғы жаңалықтар