Елордада пандемияда еңбек еткен медицина мамандары мен еріктілер марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 10-шы рет ұйымдастырылған «Халық сүйіктісі» марапат кешінде медицина мамандары мен еріктілер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыйлық идеясының авторы, «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтоқтың айтуынша, әділқазы алқасы құрамында спортшы Бақтияр Артаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева, қоғам қайраткері Ирак Елекеев болған.

«Бірден айтайын, мерейтойлық оныншы марапат кешін анағұрлым кеңірек атап өту жоспарланып еді. Бірақ, пандемия жағдайына бірқатар шектеулер болды. Барлық уақытта біздің негізгі қағидаларымыз – адалдық, ашықтық және әділдік болып қала береді. Биылғы іріктеу де әдеттегідей қазылардың өте қатал сынынан өтті», - деді Ғалым Байтоқ «Rixos Astana» қонақүйінде өткен марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге, Ғалым Байтоқ кейбір аталымдарда бірдей дауыс жинаған екі жеңімпаздың да қатар марапатталғанын жеткізді.

Ең алдымен марапат кешінде COVID-19 вирусына қарсы күрескен медицина мамандары мен еріктілерге жүлде табысталды. Осылайша, «Жылдың үздік дәрігері» аталымында Қызылорда облыстық инфекциялық аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Болат Асанбаевқа берілді.

Одан бөлек, қазылар алқасының шешімімен коронавирус пандемиясы кезінде еңбек еткен бірқатар медицина мамандарына «Халық сүйіктісі» мүсіншесі мен алғыс хаты берілді. «Жылдың үздік медбикесі» жүлдесі Маңғыстау облыстық ауруханасының аға медбикесі Айнұр Батырбековаға, «Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің үздік қызметкері» жүлдесі – Ақмола облысы Бурабай аудандық басқармасының басшысы Сералы Жолдасбаевқа табысталды.

«Үздік медициналық стационар» жүлдесін Қарағанды облысындағы профессор Х. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана ұжымы жеңіп алды. Марапатты аурухана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев алды.

Пандемия кезінде халыққа көмек көрсеткен ерікті, «Я Алматинец» тобының мүшесі Саида Тәуекеловаға «Жылдың үздік еріктісі» жүлдесі берілді. Саида Тәуекелова пандемия кезінде қауіп-қатерге қарамастан, халыққа көмектескен әрбір волонтерге алғыс айтты.

Сондай-ақ, пандемия кезеңінде қоғамдық жұмысқа үлес қосқан Ержан Жанатаров пен Рафаэль Гасановқа «Халық сүйіктісі» мүсіншелері берілді.





























Соңғы жаңалықтар