Елордада МӘМС аясындағы медицина қызметтерінен 9 мың кемшілік табылды
«Қор халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізуді жалғастырады. Биыл елорадада 3 айдың мониторинг қорытындысы бойынша 9 390 кемшілік анықталып, 415 млн 837 мың теңге алынды. Оның ішінде, тегін медициналық кепілдендірілген көмек бойынша 300 млн 13 мың теңгеге 2 004 кемшілік анықталды. Сол секілді медициналық қызметтердің сапасын басқару жүйесі бойынша 1 284 кемшілік табылды, оның сомасы 148 млн 858 мың теңге», - деді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM платформасы арқылы өткен баспасөз мәслихатында.
Филиал басшысының мәлімдеуінше, 1 мамырдағы жағдай бойынша азаматтардан 2687 хабар түскен. Оның ішінде 173 алғыс және 1363 шағым бар.
«Медициналық қызметтерді сатып алу шартын орындауда 12 бұрмалаушылық фактісі анықталып, 8 млн 899 мың теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ, біздің филиалдың медициналық қызмет сапасы мен көлемін мониторингілеу бөлімі жоспардан тыс тексеріс нәтижесі бойынша 48 қорытынды шығарды. Оның 17-сі бойынша азаматтардың шағымы расталып, дәлелденді. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде кері қайтарылған қаржы көлемі 2 млн 701 мың теңгені құрады», - дейді ол.