Елордада Құран оқудан қарилар байқауы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ІХ республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» қарилар байқауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге жалғасатын байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 72 үміткер қатысқалы отыр. Аймақтық іріктеу кезеңдерінен оқ бойы оза шапқан сайыскерлер 4 аталым, яғни, Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу, сондай-ақ, мәнерлеп оқу бойынша бақ сынамақ. Бүгінгі рәсім барысында үміткерлердің реттік нөмірі белгілі болды.

«Құрметті Құран жарысына қатысушы бауырларымыз! 30 пара, 20 пара, 10 пара Құранды жатқа білетіндер бүгін Алла қаласа жарысқа қатысады. Баршаңызға Алла жар болсын. Сіздердің республика көлемінде іріктеліп, осы жерге келулеріңнің өзі – Алланың берген үлкен дәрежесі. Сіздер өз өңірлеріңізде Құран жарысынан бірінші орын алып, осында келдіңіздер. Тәубә деуге болады. Алла сіздерге сол жаттаған Құрандарыңызды естеріңізден шықпай, 30 пара Құранды жатқа білуге Алла нәсіп етсін. Кеше ғана біздің Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бір бауырымыздың Құранды аз уақыттың ішінде ғана жаттап алған мақаласын оқығанда таңғалдым. Алла қалаған уақытында қалаған Құранды осылай жаттатутға мүмкіндік береді екен», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.



Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтетін қарилар байқауы еліміздегі пандемияға байланысты сақтық шараларын сақтай отырып өтеді және жалпы жұртшылыққа «Хикмет» студиясының YouTube-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасы, сонымен бірге Мүфтияттың Instagram-дағы ресми парақшасынан тікелей көрсетілім ұсынылады.
Соңғы жаңалықтар