Елордада көшелерді қардан тазарту қалай жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада қар шығару үшін 11 полигон ашық. Полигондарда мамандар КамАздардың келу уақытын, қар салмағын және т.б. белгілейді. 13 қараша күні коммуналдық қызметтер 30 мың текше метрге жуық қар шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков қаладағы көшелерді қардан тазалау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

«Көшелерді тазалаудың екі түрі бар: механикаландырылған және қолмен. Бірінші кезекте ереже бойынша жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалыс өте көп жолдар тазартылады. Одан әрі орташа қозғалыс учаскелері - алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар қолға алынады. Механикаландырылған сыпыру мен қар күреу сыпыру-жинау машиналарымен және сыпыру тракторларымен жүргізіледі. Яғни алдымен қар жүретін жолдан жол жиектеріне жиналады, сол жерден жол жұмысшылары қарды самосвалдарға жинайды. Елестетіп көріңізші, 20 тонналық КамАЗ екі минут ішінде қалың қармен толады. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы мен әлеуметтік нысандар аумақтарын тазартуға ерекше назар аударамыз», - деді Нұрлан Солтамбеков.

Қала жолдарының жаяу жүретін бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделеді, ол қар жауа бастағаннан себіледі. Бірінші кезекте, көлік қозғалысы үшін ең қауіпті магистральдар мен көшелердің учаскелері - өр және еңіс жолдар, көпірлер, эстакадалар, тоннельдер, көше қиылыстарындағы және қоғамдық көлік аялдамаларындағы тежеу алаңдары өңделеді. Егер бірінші цикл аяқталғаннан кейін қар жауа берсе, қажетті жұмыстар қайталанады.

«Содан кейін барлық қар полигондарға шығарылады, онда орынды үнемдеу үшін арнайы техника оны тығыздайды.Қала бойынша қар 24/7 режимде тазартылады. Біздің полигонда бақылауға арналған фото және бейнекамералар орнатылған. Қар жинауға арналған тиегіштер бар, яғни аумақты ұтымды пайдалану үшін арнайы көліктер пирамида жасайды«, - деді қала әкімінің орынбасары.

Күн сайын қала көшелерін тазарту үшін 1 мыңнан астам арнайы техника мен 1,5 мың жұмысшы шығады.










Соңғы жаңалықтар