Елордада «Кітап оқып, рухани бай бол!» қалалық байқауы өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесе ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлау аясында «Кітап оқып, рухани бай бол!» қалалық байқауы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абайдың шығармаларын кеңінен таратуды мақсат еткен байқау ІІ кезеңнен тұрады.

«Бұл - қалалық, облыстық көлемде өтіп жатқан ауқымды жоба. Байқауда Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылады. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне талап қойылған жоқ. Ең кішкентай қатысушы - үшінші сынып оқушысы болса, ең үлкені - зейнеткер», - дейді әділқазы мүшесі Айшат Жуасбаева.

Аталған байқаудың І кезеңінде кітапсүйер қауым желтоқсан-қаңтар айлары аралығында өздерінің сүйікті кітаптарынан үзінділер оқып, әлеуметтік желілерге жүктеді. Отандық және шетелдік ақын, жазушылардың туындыларын оқып, жүзден жүйрік шыққан 10 қатысушы екінші кезеңге жолдама алған.

«Абай - ұлттың паспорты. Абайдың айтқан сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жазған «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар биыл ғана емес, «Рухани жаңғыру» аясында қайта-қайта оқып, зерттеуіміз керек екенін айтты. Рухани жаңғыру деген - бір нәрсе ойлап табу емес, бар құндылықтарымызды ұлттың рухани санасында қайта жаңғырту. Білім, өнер, музыка ұлтқа бөлінбейді. Абай әлем алыптарымен қатар тұратын тұлға, демек сіздер әлемдік деңгейдегі тұлғаны оқып жатырсыздар», - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратова.

ІІ кезеңде байқау қатысушылары Абай Құнанбайұлының өнері мен шығармашылығына қатысты жасалған викторинада бақ сынасатын болады.


Соңғы жаңалықтар